Жарияланды: 29.10.2018

Түлкібаста «Үздік оқырман отбасы» атты байқау өтті

Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылында орталықтандырылған аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Үлгілі оқырман отбасы» атты отбасылық сайыс өткізілді. Байқауға бірнеше отбасы қатысып, бақтарын сынап көрді. Байқаудың мақсаты — ата-аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отырып, олардың халық ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі туралы білімдерін байқау. Ән, би, қолөнер тәрізді халықтық өнерден хабардарлығын анықтау. Отбасы-Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындырып, ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Біржағынан жұртшылықтың кітапқа деген құштарлығын арттыру, қазіргі уақытта адамдар әдеби кітаптар оқығаннан гөрі теледидар мен смартфонға көп үңілетін болып кетті. Рухани жан дүниесін арттырамын деген әрбір жан көркем әдебиеттен, классикалық шығармалардан бейхабар болмауы тиіс. Байқау барысында қатысушы отбасылар мақал-мәтелден, түрлі викториналық сұрақтарға жауап беруден, шығармалардан үзінді оқудан, сонымен қатар сахналық қойылым қоюдан жарысты. Соның ішінде озық шыққан және бас жүлдеген ие болған Нұрақбаевтар отбасы болды. Көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері Әшіркүл Нұрақбаева бұл байқауға өзінің ұл-қызымен, немерелеріменкеліп өнер көрсетті. Отыз жылдан астам уақыт бригадир, еңбек ардагері, ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің иегері Әшіркүл апа ұл-қыздарына қазақы тәрбие берген, бұл күндері перзенттері жоғары білім алып, өз орындарын тапқан. Ұлы Ринат Тараз қаласында «Асыл арман» қазақ салт-дәстүрлерін қолдау орталығының төрағасы, қызы Рахия болса той орталығының безендіруші-дизайнері. Сондықтан бұл отбасыға салт-дәстүрден өнер көрсету аса қиынға соққан жоқ. «Өнерлінің ырысы мол» деген, шешен сөйлеп, қазақтың бай дәстүрі мен ғұрпын көрсете білуде Нұрақбаевтар шаңырағының ерекше көрінгені рас. Сол себепті, осындай кие қонған шаңыраққа бақыт пен береке тілейміз.

 

1 807 қаралым