Жарияланды: 29.10.2018

Жастарға қамқорлық – болашаққа қамқорлық

Елбасының бес әлеуметтік бастама туралы Үндеуі Тәуелсізді­гімізді баянды ету жолындағы маңызды қадам деп санаймыз. Үндеуде көтерілген әлеуметтік жобалар әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталғаны көпшіліктің көкейінен шықты. Президент баспана, салық және білім жағынан жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынды. Мәселен, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын жүзеге асыру көптеген әлеуметтік, отбасылық мәселелердің шешімін табуға септігін тигізері сөзсіз. Өйткені елімізде тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген тұрғындардың саны әлі де көп. Елбасы осыған орай қатардағы тұрғындардың баспаға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту үшін «7-20-25» бағдарламасын ұсынып отыр. Яғни бұл бастама бойынша тұрақты жұмыс істейтін әрбір қазақстандық несие алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан аспайды және төлеу мерзімі де анағұрлым ұзартылып отыр. ­Елбасы бастамасы іске асырылса миллиондаған тұрғын баспанаға ие болып, тұрмысы жақсарады деген сөз.
Үндеуде көтерілген «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жөніндегі бастама білім саласын бүгінгі күн талабына сай дамытудан туындағаны анық. Елбасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін нақты шараларды ұсынған. Соның ішінде мемлекет тарапынан бөлінетін гранттардың басым бөлігі техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болмақ. Бұл ұсыныс Президенттің қаңтар айында жариялаған Жолдауында айтылған төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа экономика құру міндетіне де сай келеді. Жаңа экономикаға ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология сияқты салалардың мамандарын даярлау қажет. Дамыған 30 елдің қатарына қосылудың басты шарты да осында. Адам ресурстары жеткілікті ел ғана даму көшіне ілесе алатыны дәлелденген. Бұл ретте жоғары оқу орындары студенттерінің санын да, сапасын да көтеру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстар жастарға қамқорлықтың нақты көрінісі. Ендігі міндет Елбасы үндеуінде айтылған бастамалардың нақты тетіктерін іздестіру және оларды дәйектілікпен жүзеге асыру деп білеміз.

1 150 қаралым