Қазақта «Ананыңды 100 рет меккеге арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген сөз бар. Бұл мақалдың берер мағынасынан ақ ананың еңбегінің елеулі екенін ұғынуға болады. Алайда, біздің қаузайтын мәселеміз ананың бейнеті емес. Әрине, ананың еңбегі теңестіруге ешнәрсе жетпес.Ал, сүтінің құрамын ғалымдар зерттеп көрген.Олардың айтуынша, омырау сүті жас сәбидің өмірі мен денсаулығына үлкен әсер етеді.Себебі, біріншіден, ана сүтінің құрамында ағзаға керек барлық нәрлендірушілер бар: белок, май, түрлі витаминдер, гормондар, темір, көмір су, минералды тұздар, кальций, фосфат, өмірге керекті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец), липаза, лактаза т.б. арнай ферменттер деп жалғасып кете береді. Екіншіден, ешқашан екі бірдей ана сүтін кездестіру мүмкін емес. Құрамы, майлылығы баланың қажеттілігіне байланысты өзгеріп отырады. Үшіншіден, ішек, респираторлы жұқпалы, аллергиялық аурулардың алдын алады. Сондай-ақ өкпенің қабыну қауіпін сейілтеді. Калифорния университетінің медициналық орталығы емізу уақытына қарай балаларды бірнеше топқа бөліп, зерттеу жүргізген. Нәтижесінде 6 айдан көп уақыт емізілген балаларда өкпе қабыну ауруы 4 есе аз кездесетіндігі, диабет түрлі жұқпалы аурулардың алдын алып, ұмытшақтыққа, ас қорыту жолдарына пайдасы шаш етектен екенін анықтаған. Төрітіншіден, баланың физикалық өсуін дамытады. Сана-сезімін жетілдіреді. Америкалық медициналық ассоциациясы журналы жариялаған мақалада үш мың дат азаматына он жыл бойы жүргізілген түрлі интеллектуалды тестілеу нәтижесінде туылған алғашқы тоғыз айда ана сүтін емгендерде есте сақтау қабілеті, ақыл-ой зеректігі анағұрлым озық болған. Бесінші — баланың жүйке-психикасын дамытады. Алтыншы — ана сүтінің құрамында А,Е,Д витаминдері өте көп. Баланың артық салмақ, семіздік ауруларына шалдығудың алдын алады. Жетінші — емізу баламен қатар анаға да пайдалы. Ол сүт безінің қатерлі ісікке шалдықпауын 2 есе төмендетеді. Сегізінші — ана сүтін емген балалар тез тіл табысқыш, мейірімді болып өседі. Тоғызыншы — емізу баланы да, ананы да жайлы сезімге бөлейді.
Ана сүтінің осындай қасиеттеріне көздері жеткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Емізу жөнінен Халықаралық кеңесшілер ассоциациясы «Күн сайын балаңыздың иммунитетін арттырыңыз! Балаңызды өзіңіз емізіңіз!» деп дабыл қағуда. Сондай-ақ, БҰҰ жанындағы Балалар қоры баланы емізу мерзімі екі жыл екенін әрі 6 айға дейін емшек сүтінен басқа ештеңе бермеу керектігін ескертуде. Ал, бұл жайында 1400 жыл бұрын Құран Кәрімде айтылып кеткен еді. «Емізуді тамамдағысы келген кісі үшін; аналар, балаларын толық екі жыл емізеді»( «Бақара» сүресі, 233 – аят). «Адамдарға; ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ»( «Лұқман» сүресі, 14-аят)