Ақ алтынның отаны саналатын Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданында биыл мақта өніміділігі жоғары болады деген жоспар бар. Биыл мақтаралдық «Мырзакент» мақта тазалау зауыты мақта талшығын дайындауда рекордттық көрсеткішке қол жеткізуі мүмкін. Бұл межеге жету үшін кәсіпорынға жаңа қондырғы көмектеспек. Жобада пайдаланылған инновациялық технологиялар ТМД елдерінде теңдесі жоқ өндіріс болып табылады. Өңірдегі мақта зауыттарымен салыстырғанда бұл өндірістің еңбек өнімділігі 30 пайызға жоғары. Талшықтың шығуы 30 пайызға артық әрі сапасы жоғары, электр қуатының шығыны 25-30 пайызға үнемделеді және мақтаны өңдеу мерзімі 30 пайызға қысқарған. Мақта зауытындағы инвестициялық жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданып, индустриалды картаға еңгізілген-тін. Сөйтіп, аталмыш жобаның іске қосылғанына көп уақыт өте қоймаса да нәтижесі жоғары болатын сыңайлы. Бүгінде зауыттың жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Мұнда 120 адам мерзімді жұмыс орнымен қамтылған. Индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорын биылдың өзінде 60 мың тонна мақта талшығын әзірлеуді жоспарлап отыр. Тәулігіне мұнда 40 тонна мақта талшығы өндіріледі. Сатып алушы да алыстан емес. Дайын болған өнім облыс орталығындағы мақта тоқыма зауытына жөнелтіледі. Өндіріске қазжетті шикізаттан артылған талшықтар Чехия мен Үндістан мемлекеттеріне саудалануда. Серіктестік мақтаны өсіріп қана қоймай оны қайта өңдеу ісімен де айналысуда. Сондай-ақ, бұл кәсіпорынның аймақтағы мақта шаруашылығымен айналысатын шаруаларға да пайдасы тимек. Олардан тиімді бағада ақ алтын қабылдап алады.
Жарияланды: 19.06.2018