Жарияланды: 10.12.2018

Кәсіпкер қазақ әйелі қыз жасауына арнап үш қабатты дүкенін ашты

Қазақ қолөнерін түлетіп, заманауи үлгіде жаңартып жүргендер көп. Соның бірі – Айжан Бейсенбаева. 23 жыл бойы жинаған тәжірибесінің жемісі ретінде «Жасау» дүкенін ашты. Мақсат – қазақ көлөнері қалтарыста қалмай, әр шаңырақтың шырайын келтірсе деген ой. Қазақ қыз ұзатқанда жасау беруді ата-ананың борышы деп біледі. Отбасын құрған жастар ешкімге кіріптар болмай, тұрмыста тапшылық көрмесін деген ниеті болса керек. Жаңадан ашылған «Жасау» дүкеніне келіп, сәнді әрі сапалы бұйым іздегендер көп. Тұтынушылар ұзатылар қызының бар мүлкін осы жерден тапқанына разы.  Үш қабаттан тұратын ғимараттың ішінде жасауға қажетті барлық бұйым бар. Кез келген үйге әр беретін оюлы көрпе, құрақ көрпешенің сан түрі сіресіп тұр. Келін түсіріп, шілдехана жасайтындар үшін де бесіктің бірнеше үлгісін дайындап береді. Тіпті, сәнге айналған сандықтарды түр-түсін таңдап, тапсырыс бере аласыз.   «Жасау» сауда үйінің директоры Айжан Бейсенбаева: — Сандықтың барлығы таза ағаштан жасалып, сапалы  матамен қапталған. Көрпе-жастықтың ішіндегі мақталары шиттелген, ақ мақталар. Әр көрпеде 4 кг мақта саламыз, — дейді. Демек, шикізат сапасына мін жоқ. Әрбір бұйым бағалы әрі ыңғайлы болу үшін дүкен басшылығы бар мүмкіндікті қарастырған. Жақын арада тігін цехін осында орналастырып, бірнеше адамды жұмыспен қамтымақ. Сондай-ақ, мұнда отандық өніммен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қытай елінің тауарлары да бар. Маусымдық күртешелер, сәнді аяқ киімдер, Түркиялық ішіктер мен көйлектерді талабы жоғары тұтынушының көңілінен шығады. Кәсіпкер үшін ең бастысы-сатып алушының сенімі. Сондықтан тауар сапасына ерекше мән береді. Арғынбеков көшесінде орналасқан  «Жасау» дүкені таңғы сағат 10:00-ден кешкі 7-ге дейін демалыссыз қызмет көрсетеді.

 

 

1 277 қаралым