Жарияланды: 10.12.2018

«Жомарт жүрек -2018 » сыйлығын жеңіп алды

Түркістандық жерлесіміз топ жарды. Астана қаласында  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында айтылған «Туған жер», «Атамекен» кіші бағдарламасының аясында «Жомарт жүрек- 2018» сыйлығының номинацияларын табыстауға арналған салтанатты жиын өткен болатын. Аталған бағдарламаға қатысып, облыста үздік көрінген Созақ ауданының тумасы, Шолаққорған ауылы, Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нұрсұлу Ерұланқызы Әбдәшім «Жомарт жүрек» жобасының «Ерен еріктілік» номинациясы бойынша республика деңгейіндегі байқауда лауреат атанды. Қайырымды қызмет көрсетіп, мейірмандық идеяларымен танылған Әбдәшім Нұрсұлу Ерұланқызы аталған салтанатты жиында, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Нуркинаның қолынан, ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қәлетаевтың марапатын алды. «Белсенді азаматтық ұстанымы, кіші отанын дамытуға қосқан үлесі, жалпыадамзаттық құндылықтардың сақталуына қосқан үлесі үшін», «Үздік волонтер» аталымымен марапатталады делінген дипломда. Түркістан облысы, Созақ ауданның тумасы, жомарт жүректі, ізгі істің ұйытқысы болып жүрген Нұрсұлу Ерұланқызына табыстар тілейміз.

1 949 қаралым