Кейінгі жылдары жол-көлік апаты оқиғалары жиілеп кеткендігі айтылып та, жазылып та жүр. Осы апаттардың дерлігі адамдардың жол-көлік ережесін, жаяу жүргінші тәртібін сақтамауынан орын алып жатады. Сондықтан балабақшада балаларға “жол қауіпсіздік ережелерін” үйрету де артықтық етпейді. Осы орайда Бәйдібек ауданы, «Тау-Асар» балабақшасында «Абайлаңдар, балалар!» тақырыбында ашық ұйымдастырылған оқу қызметін өткіздім. Оқу қызметінің негізгі мақсаты — балаларға жолда жүру ережесін, бағдаршамның, жол белгілерінің атқаратын қызметі қандай екенін үйретіп, есте сақтау қабілетін дамытып, жол жүру ережесіне қызығушылықтарын арттырып, жол тәртібін бұзбауға тәрбиелеу.
Сабақты барынша есте қалдыруды көздеп, балаларға бағдаршамның үш түсі бойынша киініп келуді тапсырдым. Осылайша, қызыл, жасыл, сары киінген балалар бағдаршамның пәрмені бойынша қимыл-қозғалыс жасады, жол ережелері туралы тақпақтарды жатқа айтып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Нәтижесінде оқушылардың танымы артып, қауіпсіздік ережесін жадыларына түйіп алды.
Гүлнар НЫСАНБАЕВА,
«Тау-Асар» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.