Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында үстіміздегі жылдың 7 желтоқсан күні Төлеби аудандық кітапханасында «Коворкинг» орталығы ашылды. «Коворкинг» орталығын Нұр Отан партиясы, Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жолдасов Нұрмахан Миятұлы арнайы келіп ашып берді. Аталмыш орталықта тұрғындар, ғаламтор желісіне қосылған компьютерлер арқылы онлайн түрде кітап оқып, жеке шығармашылық және ғылыми жобаларын жаза алады.
Шахмат, тоғызқұмалақ сияқты интеллекті дамытатын үстел ойындары қойылған. Кітапханаға келген әрбір жас оқырман өзіне қажетін тауып, бос уақытын тиімді өткізуіне болады. Бастаманың негізгі мақсаты жастарды кітап оқуға шақыру, олардың өз уақытын тиімді, әрі мақсатты пайдалануына жол ашу болып табылады деп хабарлайды Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. Жастар көшеде бұзақылық жасап, теріс әдеттерге бой алдырғанша осындай орталықтарға келіп, компьютер арқылы ғаламтордың тиімді жақтарын үйреніп, интернет арқылы өзіне қажетті ақпараттарды алып, тарихтан, салт-дәстүр, жастар жайындағы кең мағлұматтар алуына болады.
Жарияланды: 08.12.2018