Жарияланды: 04.01.2019

Супермаркеттер бізді қалай алдайды: кез-келген адам білуі тиіс 10 айла-шарғы

Маркетологтар сізді сатып алғыңыз келмеген нәрсеге ақша жұмсатқызу үшін неше түрлі амалдарды қолданады. Соған байланысты Stan.kzақпараттық агенттігі супермаркеттердің бізді қалай алдайтыны жайлы кез-келген адам білуі тиіс қолданыстағы 10 айла-шарғыны ұсынады.
1.Қараңдар қандай дәмді тағам
Сезім органдары – маркетологтардың ең белсенді одақтастары. Жалпы дүкенге аш баруға болмайды. Өйткені неғұрлым қатты тамақ ішкіңіз келсе, соғұрлым керексіз заттарды көп сатып аласың. Бірақ аш болмасаңыз да, супермаркетте сіздің тәбетіңізді оятатын тағамдар жетіп жатыр.
Мысалы, жаңа пісірілген кондитерлік өнімдердің иісі кез-келген тұтынушының тәбетін ашып, көзін қызартады. Ондай тәттілер сатып алушыны көп ақша жұмсауға итермелейді. Ал жарық сөреге әдемілеп тізілген тағамдар кез-келген адамды еліртіп әкетеді. Сондықтан дүкен сөрелеріндегі өнімдер мерекелік түрде ашық, шырынды және тәбет тартарлықтай көрінеді.
Бірақ, сілекейді ағызатын ең күшті тәсілдерінің бірі – бұл тегін дәм тату. Біріншіден, олардың иісі мүңкіп тұратындықтан, оларды сатып алғың келеді. Екіншіден, тағамның дәмін тегін татып көрген адам өзін дүкеннен бір зат сатып алуға міндетті көреді. Себебі, шұжықтың дәмін тегін татып көрмесеңіз, оны сатып алу ойыңызда мүлде болмаған. Ал оны жеп көргеннен кейін әрине, сатып аласың.
2. Музыкамен гипноздау
Супермаркеттен белсенді музыка тыңдап қалсаңыз – барынша мұқият болыңыз. Себебі, сатылым санын арттыру маңызды болған кезде, әуендер тез қарқынмен басталады. Америкалық маркетинг қауымдастығының зерттеуі бойынша, жігерлі музыка сатып алушыларды ойда жоқ нәрселерді сатып алуға азғырады.
Сонда адамдар өздері де аңғармай көңілді әуеннің ырғағына еріп, қымбат заттарды қалай сатып алғандарын білмей қалады. Екінші жағынан, баяу музыкада айланың бір түрі. Дүкендер жүректің орташа жылдамдығынан әлдеқайда баяу ырғақты әуендерді әдейі таңдайды.Бұл адамдарды сөрелердің алдында ұзақ тұруға, сауда алаңына көбірек уақыт жұмсауға және соның салдарынан көп зат сатып алуға мәжбүрлейді. Сондықтан, өзіңді музыканың ұқсас әсерінен қорғау үшін, дүкенде құлаққаппен жүріңіз.
3. Түрлі-түсті безендірулер
Адамдар қабырғалары мен сырты қызыл, қызғылт сары, сары түстермен боялған дүкендерге қарай тартылады. Бірақ, дүкенге кіргенде оның ішіндегі түс салқын түстерге өзгереді. Ал, жасыл, көкшіл салқын түстер сатып алушыларды көп ақша жұмсауға мәжбүрлейді.
CNN Business Review журналында жарияланған зерттеуге сілтеме жасай отырып, клиенттер көгілдір-жасыл түстермен безендірілген дүкендерде қабырғалары мен сөрелері жылы түске боялған дүкендерге қарағанда 15%-ға көбірек ақша қалдыратынын айтады.
4. Дисконт карталары және адалдық бағдарламалары
Дисконттық карталар сатып алушының ақшасын үнемдеу үшін жасалған деп ойлайсыздар ма ? Рас, бұл жартылай шындық. Бірақ бәрі емес. Дүкендер әртүрлі себептер бойынша адалдық картасын иемденушілерге әлдеқайда көп ақша үнемдейді.
Дисконт карта сізді белгілі бір супермаркетпен байланыстырып қояды. Мысалы, сіз екі бірдей дүкенді таңдағанда, қай жерде адалдық бағдарламасы бар болса, сол жерге барасыз.
Карта сізді аңдиды
Яғни, карта дүкенге сауда әдеттеріңіз туралы ақпарат береді. Мысалы, қандай бағадағы етті алғанды ұнатасыз? Итке аптасына қанша рет тамақ сатып аласыз? Шоколадты, әлде қышқыл сүтті десертті ұнатасыз ба? Міне, осындай әдеттер туралы ақпарат береді.
Картаның арқасында супермаркет сіздің шығындарыңыз туралы барлық ақпаратты біледі және оларға әсер ету мүмкіндігіне  ие болады. Егер сізге 1500 теңгеге шоколад сатып ала отырып, 15% жеңілдік алу сияқты жеке ұсыныстар түссе, сіз әңгіменің не туралы болып жатқанын түсінесіз. Әрине, ұсыныс пайдалы болып көрінеді. Бірақ бұл, ең алдымен, дүкенге пайда әкеледі. Себебі, олар сізді осындай ұсыныстармен бұрынығыға қарағанда көп мөлшерде тәттілер сатып алуға мәжбүрлейді.
Карточка сізді көбірек ақша жұмсауға итермелейді
Көптеген супермаркеттер өздерінің желісіне жұмсалған әрбір тиынға сыйлық береді. Кейінірек, бұл балдарды ақшаға ауыстырып, кассада төлеуге болады. Бір жағынан бұл шындық. Екінші жағынан, дүкен сізді тиісті жинаққа қол жеткізу үшін көп ақша жұмсауға мәжбүрлегенін өзіңіз де байқамай қаласыз.
5. Тұзақ тауарлар
«500 теңгеге 10 дана сатып алыңыз!» – баяғыдан келе жатқан маркетингтік айла. Көптеген адамдар мұндай ұсыныстарды айналып өтпей, көбіне қажет өнімдерден де көп зат сатып алады.
Дегенмен, бұдан басқа да айла-шарғылар бар. Дүкен өте танымал тауарларды өте жақсы бағамен ұсынады. Мысалға, кәуап дайындайтын мезгілде ет немесе үлкен қорапты танымал брендтің жаялығы. Бұл да тұзақ. Себебі, тиімді өнімдер сатып алушыларды белгілі бір супермаркет іздеуге мәжбүрлеу үшін белсенді жарнамаланады. Егер халық ет немесе жаялық сатып алу үшін сауда алаңына барса, неге басқа нәрселерді де сатып алмасқа? Міне, дүкен кассасы осындай ілеспе саудалардың арқасында пайда көреді.
Сөйтіп, олар клиенттерді тартуға жұмсаған шығынды сол сатып алушылар супермаркетке тастап кететін қосымша ақшамен өтеп алады.
6. Толықтырушы тауарлар
Мысалы, сіз дүкенге балаңыздың сүйікті крекерін сатып алу үшін ғана барасыз. Ал сол сөренің жанына жақындағанда балалар шоколады мен тағы бір тәттіні көріп қаласыз да, бәрін сатып аласыз. Дәл осындай үйлесімді тауарлардың арқасында сіз ойыңызда болмаған заттарды сатып алуға мәжбүр боласыз.
Ал шампунь және бальзам-кондиционер сияқты кейбір комбинациялар айтпаса да түсінікті. Кейбір дүкендер бір рет қолданылатын пластикалық тәрелкелердің жанына әдемі қағаз майлықтарды біріктіріп, сатады. Сонда біз майлықтарды өзіміз жоспар бойынша сатып алдық деп ойлаймыз. Шын мәнінде, біздің болжамды саудамыз алдын-ала болжанған болатын.
Сондықтан, есер қолыңызды бұрын сатып алуды жоспарламаған өнімге созсаңыз, өзіңізден: «Бұл маған керек пе?» деп сұраңыз.
7. Тағамдар тез бұзылатын қаптама
Жаңа піскен нандар жиі қағаз пакетте сатылады. Бұл әрине әдемі? Бірақ іс жүзінде тиімді емес. Себебі мұндай қаптамадағы нан тез кебеді, ал сізге дүкенге тағы да бару керек болады. Бұл да маркетингтік айла-шарғылардың бірі. Сол үшін супермаркеттен келгеннен кейін, сатып алған өнімдер мүмкіндігінше ұзағырақ сақталуы үшін оларды пакеттен шығарып, дұрыстап қойыңыз.
8. Қосымша артықшылығы бар өнімдер
Супермаркеттер бағамен ойнайды. Олар әсіресе сатқылары келетін өнімдерді көз деңгейіне дейін көтеріп, арзан, дүкен үшін тиімді емес тауарларды еден деңгейіне дейін түсіріп жатады. Мұнда «сиқырлы тоғыз» әсері жақсы жұмыс істейді. Өйткені, көп адамдар 200 теңге тұратын тауарға қарағанда 199 теңге тұратынын сатып алады.
9. Көп қолданылатын бренді экосумкалар
Қаптамалардың орнына пайдалануға болатын экологиялық таза пакеттер – нағыз маркетингтік айла-шарғы! Біріншіден, олар маркалы. Сауда желілері оларға өз логотиптерін орналастырып, сатып алушыларды нағыз жарнамалаушыларға айналдырады. Екіншіден, олар клиенттерді супермаркетке сенуге мәжбүрлейді. Үшіншіден, олар орташа есепшоттың көлемін арттырады.
10. Кассадағы сөрелер
Маркетологтар әрдайым шоколад, ашық түсті қаптамадағы желе кәмпиттер, балмұздақ, дымқыл майлықтар, қолға арналған дезинфекциялық гельдер, мүшеқап секілді қымбат және керексіз тауарларды кассаға тізіп қояды. Олардың пайдасы мынада: сіз сауда алаңында не аларыңызды білмей, басыңыз қатып шаршағаннан кейін кассаға келгенде демалып, балаңызға не өзіңізге сол кассадағы тауарлардың бірін сатып аласыз. Және шаршағаннан, кассадан көрген затты қалай сатып алғаныңызды өзіңіз де білмей қаласыз. Бұл әдіс әдетте жақсы жұмыс істеп жатады.

1 075 қаралым