Жарияланды: 09.01.2019

«Сергек» камераларына түспеудің амалдары

«Сергек» соншалықты сергек пе? Жолда жүрген көлік жүргізушісінің әрбір мүлт кеткен жерін «қалт жібермей», бәрін айыппұлға айналдырып, қалтаны қаға берсе, не болмақ? Жалпы «Сергек» қандай алгоритммен жұмыс істейді? Жазықсыздар жазатайым жазаланбай ма? Айыппұлға ілікпеудің жолдары қандай? «Сергек»-тің көзіне түспеудің амалы бар ма?

Міне осы сұрақтарға жауап іздеген informburo.kz тілшісі «Сергек»-тің «жүйкесі мен миын» құрастырған авторлармен кездесті.
Дегенмен, автобус жолағымен жүрген көлік жүргізушілеріне кей-кейде «кешірім» бар
«Жаңа «Сергек» жүйесі қала жолдарында үш жол ережесін бұзу фактісін анықтай алады. Біріншіден, жылдамдық асырған көліктерді, екіншіден, бағдаршамдағы «Stop» сызығына шығып кеткен және үшіншіден, автобус жолақтарымен жүрген көліктерді камера күні-түні тіркеп отырады», – дейді «Көркем-Телеком» ЖШС-ның директоры Әсет Ахметов. Айта кетелік, «Сергек» видеобақылау жүйесін жасап шығарған осы компания.
Әсет Ахметов осы үш фактіге қатысты камералардың нақты қалай жұмыс істейтінін түгел баяндап берді.
«Астана қаласының жолдарында 300, ал жол қиылыстарында 400-ге жуық камера ілінген. Камералардың жалпы саны – 13 000. Соның ішінде, қаладағы қоғамдық көлік жүретін жолдарда да «Сергек» камералары тұр.
Бірақ, көлік жүргізушілері жақсы біледі, осы жолақтардың бойында оң жақтағы көшелерге, үйлерге, мекемелерге кіретін орындар бар. Мысалы, сіздің үйіңіз жол шетінде, дәлірек айтсақ, автобус жолағының бойында делік. Ондай жерлерде, яғни, автобус жолақтарының бұрылатын орындарында арнайы сызық жатады. Міне, осы жерлерге камера орнатқан жоқпыз.
Айыппұл алмаудың бірінші жолы
Ал, автобус жолақтарының қалған бойына түгелдей, әсіресе, «Тоқтауға болмайды» деген белгілердің тұсына түгел камера орнаттық.
Дәл осы бап бойынша жол ережесін бұзды деп тіркелген көліктерді түгел жол инспекторы тексереді. Автобус жолағымен жүрген, бірақ, мен айтқандай, үйіне, жол бойындағы мекемеге, басқа көшеге бұрылған жүргізушілердің мәліметтері базадан бірден жойылады. Яғни, айыппұл салынбайды», – дейді Әсет Ахметов.
«Stop» сызығына тап келгенде, айыппұл төлемеудің амалын үйреніңіз
Ал, бағдаршамның жасыл түсіне үлгере алмай, «Stop» сызығын басып барып немесе одан сәл асып тоқтайтын жүргізушілердің әрекетін әкімшілік полицияның талдау орталығындағы жол инспекторлары мұқият тексеріп шығады.
«Жасыл» түске үлгеріп жолға шыққанымен, қиылыстағы қозғалыс басталып кеткенде, тоқтап қалатын жүргізушілер де көп. Дәл осы жағдайда нақты кімге айыппұл салынатынын түсіндірейін.
Міне, бағдаршам, міне, жолдың «Stop» сызығы. Қарапайым сөзбен айтсақ, бағдаршамның қызыл түсі сізге жанғанда, жаяу жүргіншілер өтетін қара-ала жолаққа өтіп кеттіңіз делік. Егер сіз қызыл түс жанғанда осы «Stop» сызығының тура үстінде тұрсаңыз, онда сізге автоматты түрде 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Яғни, тоқтап үлгергеніңіз, жаяу адамды өткізіп жатқаныңызды камера ескере алмайды
Ал егер, бағдаршамның сары түсінде сіз жолақтан өтіп үлгеріп, қызыл түс жанғанда жолақты баспай, одан әрі тұрсаңыз, сізге ешқандай айыппұл салынбайды. Сол жерде тұра беріңіз, өйткені, артқа жүрсеңіз жол ережесін бұзасыз – тиісті айыппұл салынады. Бұл жерде сіз ешкімге кедергі жасап тұрған жоқсыз. Жүргіншіге де, айқасып жатқан қиылыстағы қозғалысқа да сізден кедергі жоқ. Кептелісті көріп, жасыл түс жанса да, «Stop» сызығынан өтіп барып тоқтасаңыз, айыппұл салынбайды», – дейді «Сергек» авторлары.
Жылдамдық бұзған автокөлікке айыппұл адамның қатысынсыз салынады
Сонымен, «Сергек» видеобақылау жүйесі тіркейтін соңғы ереже – жылдамдық. Автобус жолағымен жүргендерге және «Stop» сызығынан өткендерге қатысты суреттердің бәрін камерадан кейін инспектор екінші рет тексеруге міндетті болса, жылдамдықты асырғандарды ешкім жарылқамайды. Яғни, жылдамдықты асырғандар түскен жазбалардың барлығы автоматты түрде айыппұлға кетеді.
«Жол апаттарының көбі, әсіресе, адам өлімімен аяқталған апаттар осы жылдамдықты асырудан болады. Оның үстіне, жол ережесін ешкім аспаннан алып, жаза салған жоқ қой. Яғни, қала ішіндегі, елді мекендегі рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 60 шақырым. Сондықтан, қаласа да, қаламаса да, енді астаналық жүргізушілер осы ережені сақтауға мәжбүр», – дейді Әсет Ахметов.
Айта кетерлігі, қаладағы сары түсті немесе сұр түсті тіркеу камералары сияқты емес, «Сергек» сізді алыстан түсіріп алады. Екі көшедегі бағдаршамның аралығында тұрған «Сергек» сол жолдың бойын түгел қамтиды.
Антирадар, ұялы телефондағы «ГИС», «Яндекс» карталарының хабарлағыштары енді көмектеспейді
Оның үстіне, антирадар, яғни, жолдағы видеотіркеу камералары туралы алдын ала хабарлайтын құралыңыз да көмектеспейді. Тіпті, «Сергек» сіз камераның жанынан өтіп кеткеннен кейінгі шақырымдарды да бақылап отыра алады.
«Камера инспектордың көмегінсіз жұмыс істей алмайды. Бірақ, автобус жолақтарына түскен жүргізушілер мен «Stop» сызығынан өткендерді инспектор екінші рет мұқият қараса, жылдамдық асырғандарға қатысты мұндай жеңілдік жоқ» дейді «Сергек» авторлары.
Камера «асығып барамын, ауырып барамын» дегеніңізді түсінбейді
Кейде жүргізушілер айыппұл қағазын көрген соң, «мен ауруханаға асығып бара жатқанмын» немесе «мен осы жерде сағатына 69 шақырыммен жүріп келе жатқанмын» деп шағымданып келеді екен. Екі жағдайға да түсінік бере кетейін.
Біріншіден, ауруханаға асыққандар үшін арнайы көлік бар, яғни, жедел жәрдем. Тіпті, сіздерге айтайын, қаладағы кез келген камера жылдамдықты қатты асырған жедел-жәрдем көліктерін де тіркеп алады. Кейін, жедел жәрдем қызметінің орталығында сол машина шақыруға барды ма, жоқ па, соны анықтап барып, айыппұл салу жағы шешіледі. Ал, жылдамдықты тым асырып алып, ауруханаға асықтым дейтіндерді камера «кешіре» алмайды.
Екінші жағдайға тоқталсақ. Камераға түспеу үшін кейде сіз жылдамдықты сағатына 69 шақырымға дейін азайтып, өтіп кетуіңіз мүмкін. «Сергекті» бұлай алдай алмайсыз. Жалпы, бірден айта кетейін, біздің алгортим бойынша, камераға сағатына 71 шақырым жылдамдықпен жүрген көлік түседі және жүргізушісі міндетті түрде айыппұл төлейді. Бірақ, мына фактіні есте сақтаңыз: «Сергек» камералары тек шынайы жылдамдықты тіркейді.
Көлігіңіз ескі болса, тіптен жәй жүріңіз. Әйтпесе, айыппұл…
Мысалы, сіздің көлігіңіз 2010 жылдан бұрын шықса, немесе оның дөңгелектері қысқы болса, тіпті, көлікке басқа өлшемдегі дөңгелек салсаңыз да сіздің спидометріңіз бірнеше шақырымды артық көрсетеді. Мұны біздің жігіттер физика заңы бойынша дәлелдеп, алгоритмін шығарып қойды.
Мысалы, сіз спидометріңізге қарап, сағатына 65 немесе 69 шақырым жылдамдықпен келе жатырсыз. Бірақ, айтып өткенімдей, көлігіңіз ескі, дөңгелектері ауыр, моторы өзінікі емес болса, сіздің шынымен «басып» келе жатқан жылдамдығыңыз 5-6 шақырымға артық болып шығады. Осылайша, «Сергек» шынайы жылдамықты тіркей отырып, сағатына 71 шақырым жылдамдықтан асырған деп, сізге айыппұл жазады. Осыны есте сақтаңыз», – деп түсіндірді Әсет Ахметов.
«Өзіңде тұрғанды өзгеден іздеудің қажеті жоқ»
«Сергек» видеобақылау жүйесін таза қазақстандық өнім деуге болады. Камераны қазақ балалары жасап шығарған.
«Әрине, Ресейді алайық, Еуропаны алайық, сол елдердегі осындай бақылау камераларының линзасы, матрицалары, мысалы, Жапония мен Қытайдан алынады. Өйткені, бұл детальдарды шығаратын осы елдер.
Ал, камера жұмыс істейтін алгоритмді әр елдің өзі ойлап табу керек. Біз солай істедік. Мысалы, бір камераның бағасы 10 млн теңге тұрады делік. Ресей немесе Еуропа өндірушілері өзіндік құнын еселеп сататыны анық.
Ал, біздің команда шығынды азайта отырып, таза қазақстандық өнім жасады деуге болады. Сол 10 млн теңге ішінде камераның детальдарын небәрі 2 млн теңгеге алуға болады. Қалған 8 млн теңгесі – оның алгоритмі. Сол алгоритимді менің командам өзі жасап шығарды», – деп түсіндірді Әсет Ахметов.
Инвестордың өзі айыппұл төлеуі мүмкін
Жобаның жалпы құны – 8,4 млрд теңге. Камералардың барлығы инвестордың есебінен орнатылып жатыр. Бұл жобаны жүзеге асыруда қалалық әкімдік пен мемлекеттік бюджеттен бір тиын бөлінген жоқ. Әкімдік камераларды орнататын орындарға қатысты, жоспарлауға, талдау жасауға және мәліметтер базасын алуға көмектеседі.
«Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан соң, әрине, біз салған қаржы қайтарылу керек. Бірақ, мемлекеттік-жекеменшік әріпестік болған соң, біздің де KPI есебіміз болады. Бұл дегеніміз – жауапкершілік. Яғни, 13 000 камераны орнаттық, енді алты жыл күтіп отырамыз деген сөз. Жұмыс істемей тұрған немесе ереже бұзу фактілерін анықтай алмайтын әрбір камера үшін айыппұл төлейміз. Яғни, біздің де жауапкершілігіміз бар. Алты жыл төрт ай бойы біз осы жобаның сәтті, сапалы жүзеге асуына мүдделіміз.
Әрине, салған инвестициямыздың қарымын мемлекеттік бюджет қайтарады. Бірақ, мемлекет алдымен біздің жобаның тиімділігін талдайды. Егер біз жасаған камералар мемлекет күткендей айыппұл төлетіп бермесе, онда біз инвестицияның қарымын ала алмаймыз».
«Қазақстандағы жолда жүру менталитетін өзгерткіміз келеді»
«Қаржы әрине маңызды, бірақ ол жолдағы қауіпсіздіктен маңызды емес. Әлеуметтік желідегі адамдардың көбі бұл камераның артықшылықтарын естіп, қуана қойған жоқ. Өйткені, бізде жол инспектордың көзін бақырайтып қойып, жол ережесін бұзатындар көп. «Келісе салуға, айыппұлдан құтылуға» болады деген түсінік бар.
Үш ережені бұзғандарға салынатын айыппұлдардың көлемі
Қоғамдық көліктерге арналған жолмен жүргендерге – 3 АЕК, яғни, (2019 жылы АЕК көлемі 2525 теңге) салынады.
Жылдамдық асырған жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 592 бабына сәйкес, үш түрлі айыппұл салынады.
«STOP» сызығынан асқандар Әкімшілік құқық бұзу туралы Кодекстің 601 бабына сәйкес, 3 АЕК айыппұл төлейді.
Жалпы сөздің түйіні, айыппұлдан құтылудың ең сенімді жолы – жол ережесін бұзбау.

1 196 қаралым