Жарияланды: 21.06.2018

Инновациялық университет қалашығы салынады

Бүгінгі заман – білімнің, ғылымның заманы. Сондықтан да ғылыми ізденістерді, технологиялық қарыштауды қажет етеді. Ол үшін білімді жетілдіретін оқу орындарын көптеп салу қажет. Осы орайда жақын арада блыс орталығында Инновациялық университет қалашығы салынатын болады. Бозарық шағын ауданында бой көтеретін оқу орнының ғимараты 150 гектар жерге салынбақ. Онда оқу ғимараттары, спорттық нысандар, тұрғын үй кешендері мен 1 мың орындық жатақхана бой көтереді. Аталмыш оқу орны пайдалануға берілген соң өңірдегі базасы мықты, іргелі оқу ордасына айналмақ. Мұнда білім алған жастар еліміздің өркендеуіне үлес қосады деген сенім басым. Оқу орнында медицина факультетіне ғана емес, бизнес- мектепке де басымдық берілмек. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықтармен жабдықталатын болады. Еліміздегі медицина мен фармацевтика саласы бойынша сапалы кадр даярлауға мүмкіндік жасайды. 3 миллион халқы бар облыс үшін осындай сапалы оқу орындары, әсіресе дәрігерлік оқу орындары өте қажет. Ізденіс пен жоғары технологияға ден қойған кезеңде мұндай оқу орындары әлбетте керек-ақ. Студенттердің сапалы білім алуы үшін мұнда барлық қажетті құралдар жеткізілетін болады. Шетелдік оқу орындарынан бірде бір кем болмайды. Студенттерге 300-ден астам профессорлық-оқытушылық құрам үш тілде білім беретін болады.

1 164 қаралым