«Шымкентте 8 мыңнан астам студентке баспана қажет», – дейді қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма өкілдері. Осы мәселені шешу үшін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 500 орынға лайықталған жаңа студенттер үйін салуды жоспарлап отыр.
Бұл ғимарат оңтүстіккореялық инвесторлар есебінен тұрғызылмақ. Жастарға арналған нысан тек жатақханамен ғана шектелмейді. Университет басшылығы оны кампус ретінде салуды ойластырып қойыпты. Мұнда студенттерге демалыс орны, арнайы спорт зал, инновациялық жүйедегі кітапхана қызмет көрсетеді. Бүгінде шаһардың «Тұран» мөлтек ауданынан 8 гектар жер бөлініп, жоба дайындалып жатыр. Ал жастар жылына орай осы университеттің мыңға жуық жас ғалымы өз жобаларын қорғап, оны нарыққа алып шықпақ.
Мағжан Исахов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ жастар орталығының басшысы: — Қазіргі таңда біздің жастар ғылымға бейім болып келе жатыр. Бұл бағытта олар өзін қосымша жұмыспен қамтамасыз етеді. Гранттар ұтып алады. Біздің университетте қазіргі таңда мыңға жуық жастар ғылыммен айналысуда. Оның басым бөлігі 2-4 курс студенттері. Өздерінің ойлап тапқан ғылыми жобаларын патенттеп, әлемдік деңгейде өздерінің жұмыстарын көрсетуде.