Күлтөбе маңайынан қоқан және қазақ үйлерінің орны табылды

Түркістандағы Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінен қоқан және қазақ үйлерінің орны, тандыр және ұстындар шоғыры  анықталды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістан қаласындағы ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтау және қалпына келтіру мен оларды танымал туристік орталыққа айналдыруға арналған жобасы аясында ағымдағы жылдың 17 қаңтарынан бастап Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары басталған болатын.
Қазба және анықтау жұмыстарымен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми — зерттеу мәдениет институты айналысуда. Археологиялық топтың жетекшісі- Серік Шаймерденұлы Ақылбек.
Қазіргі таңда 80-ге жуық археологтар еңбек етіп жатқан алаңда қазба жұмыстары қарқынды жүруде. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 300-ге жеткізу жоспарлануда. Үкімет тарапынан осы жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп отырғандығы да қуантарлық жағдай.
-» Түркістанның ең көне бөлігі-Күлтөбе қалашығы екені белгілі. Зерттеу және зерделеуге арналған ауқымды жоба Күлтөбенің өзі мен айналасын қамтиды. Бүгінгі таңдағы ең басты жұмыс ескерткіштер аумағын үйінді топырақтан тазартуға арналып отыр. Себебі, 1975 жылдардағы аэрофотосуреттермен салыстырғанда өзгерістер көп. Мәселен, сай боп көрінген аймақ қазіргі таңда дөңеске айналған.Тарихи аумақтың мәдени қабаттарын анықтау мақсатында барлау қазбалары да жұмыс жасауда.  Барлау нәтижесінде түсірілімде көрсетілген сай түріндегі қыртыста тарихи қабаттың бар-жоғы нақтыланады»,-деді археологиялық топ жетекшісі Серік Ақылбек.
Соған қарамастан аз ғана күн ішінде көне ғасырлар сырының бір сыры ашыла бастады. Археологтың айтуынша, XIX ғасырға тән  Қоқан үйінің қалдықтары анықталса, одан 70 сантиметрдей төмен тұста  XVI-XVII ғасырға тән қазақ үйіне  көз жеткізесіз. Мұнда күлі де сол қалпында сақталған тандыр, дәліз және есік орны бар. Сонымен қатар, үй тіреуге арналған тас ұстындар шоғырының да беті ашылып келеді. Түрлі ғасырға тән құмыра сынықтары да көптеп шыға бастаған.
Айта кетсек,  Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңнің рухын асқақтату мақсатында қолға алынған Түркістан қаласындағы Күлтөбе археологиясы және қосымша нысандар жұмысы 3 жылға жоспарланған.
Біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастау алатын Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы бірқатар деректерде Күлтөбе Ясы (Асон) деп аталады. Алғаш рет Ясы атауы монғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына Қазақстанның оңтүстік аймағы арқылы сапар шеккен армян патшасы І Гетумның жолжазбасында кездеседі.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

42 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*