Қазақстанда 2018 жылдың төртінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 176 050 теңгені құрады. Бұл жайында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Салалық құрылымда ең үлкен атаулы жалақы кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында — 390,4 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,2 есеге көп), қаржы және сақтандыру қызметінде — 364,7 мың теңге (2,1), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте — 332,5 мың теңге (1,9), ақпарат және байланыс саласында — 261,7 мың теңге (1,5), құрылыс саласында — 227,5 мың теңге (1,3) көлемінде белгіленді.
Ең төменгі атаулы жалақы білім беру қызметкерлерінде — 107,9 мың теңге болды. Бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 38,7 пайызға төмен. Өңірлік бөліністе ең жоғары жалақы Атырау облысында — 320,5 мың теңге. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,8 есеге жоғары. Түркістан облысында жалақы 109,7 мың теңге болды. Бұл ел бойынша орташа деңгейден 37,7 пайызға төмен. Медиандық мәндегі қызметкерлердің орташа айлық жалақысы біржолға зерттеу қорытындылары бойынша 106 253 теңгені, модальдік мәндегі қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 80 021 теңгені құрады.
Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы ең жоғары жалақы — 13192,4 мың теңге. Мұндай жалақыны кен өндіру өнеркәсібі, карьерлерді қазу, қаржы және сақтандыру қызметі мен өзге де өңдеу өнеркәсібі түрлері салаларындағы бас директор алады. Ең төменгі жалақы мөлшері — 15,6 мың теңге. Бұл сомадағы айлықты білім беру және мемлекеттік басқару салаларында жинап-тазалаушы қызметкерлер алады.