Жарияланды: 07.02.2019

Жеңіл автокөліктің шетелден заңды әкелінгенін қалай білуге болады?

Жеңіл автокөліктердің шет елдерден заңды немесе заңсыз әкелінгенін мемлекеттік кірістер органдарына хабарласып, білуге болады. Бұл жайлы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір қазақстандықтар Армения мен Қырғызстаннан жеңіл автокөлік әкелуге құмар. Осыған байланысты, Қырғызстанда 2014 жылдың 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде, Арменияда 2014 жылғы 10 қазаннан бастап 2020 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде рәсімделген автокөліктер шетелдік тауар болып табылатынын назарыңызға жеткіземіз. Автокөліктерді Қазақстан Республикасына әкелу кезінде ресімдеу және кедендік төлемдерді төлеу керек», — делінген комитеттің хабарламасында. 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін Қырғызстанда және 2014 жылдың 10 қазанына дейін Арменияда рәсімделген автокөліктерді Қазақстанға шектеусіз әкелуге болады.

«Автокөліктерді сатып алу кезінде, азаматтарға аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің 8-800-080-6452, 70-14-81, 71-86-18 нөмірлеріне хабарласып, автокөліктердің заңды әкелінгенін және кедендік тазартудан өткендігін тексеруге кеңес береміз», — деп хабарланады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінен.

 

Еске сала кетсек, осыдан бір апта бұрын Парламент Сенатының жалпы отырысында бір топ депутат соңғы кезде еліміз аумағына Ресей, Армения, Қырғызстан елдерінен көптеп жеткізіліп жатқан ескі көліктерге қатысты мәселені көтерген болатын. «Депутаттық сауалға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден сатып әкелініп жатқан әбден тозығы жеткен ескі көліктер себепші болды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бірқатар өңірімен шекараласып жатқаны белгілі. Екі ел арасында сауда-саттық жыл сайын артуда. ЕАЭО аумағындағы шекаралардан әрлі-берлі өту біраз жеңілдегеннен кейін, алыс-беріс те, барыс-келіс те жақсара түсті. Соның бір айғағы — соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында тіркелген автомобильдердің саны күрт өсуде. Бүгінде облыста 143 мыңнан астам көлік тіркелсе, соңғы бес жылда 43 мыңға өскені анықталды. Әрине, бұл қуантарлық жағдай, бірақ сол Ресейден сатып әкелініп жатқан ескі көліктер еш жерде тіркелмей, жол ережесін бұзуға әбден әуестеніп кеткені халықты және құқық қорғау органдарын әбігерге салуда», — деген депутаттар Үкімет басшысынан Армения мен Ресейден ескі көліктерді Қазақстанға кіргізбеуді сұраған болатын.

1 333 қаралым