Жарияланды: 21.02.2019

Дарындылар мектебінде инттелектум кабинеті ашылды

Облыстық мамандандырылған үш тілде оқытатын №1 мектеп-интернатында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау барысында «Ұлы даланың ұландары» атты іс шара өтті. Толайым жетістіктерімен өзге білім ошақтарына үлгі болып жүрген білім ордасында Инттеллектум кабинеті ашылды. Оқушылардың озық ойлы, зерек болып өсуіне мол үлес қосатын кабинетті мектептің бұрынғы түлектері тарту етіпті.

Білім бесігіндегі іс-шараға қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан арнайы келіп қатысты. Таланты мен талабы озық таңдаулы оқушылар ғана білім алатын мектеп ұжымы қол жеткізген толағай табыстарын паш етті. Үш тілде сайрап тұрған оқушылар білім басқармасының тізгінгеріне өздерінің қолымен жасалған дүниелерін ағылшын тілінде таныстырды.
Аят Алжанова, облыстық мамандандырылған үш тілде оқытатын №1 мектеп-интернатының директоры: «Мектебімізде көптеген жобалар жүзеге асырылады. Былтыр Назарбаев химия биология бағытындағы мектебімен меморандумға тұрдық. Тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Оқушыларымыз полиглот жарыстарына қатысады. Пәндік олимпиадаларға, робототехника жарыстарына қатысуда. Сондай жобалардың бірі Стеам деп аталады. Яғни, бүгін балалар өздері жасаған жобаларын көрсетіп, қорғады.
Бұдан бөлек дарындылар мекенінде интеллектум кабинеті ашылды. Оны қамқоршылық кеңесі мен түлектер қауымдастығы тарту етіпті. Бұл кабинеттерде түрлі ойындар арқылы оқушылардың ақыл ойын дамытуға септігі мол. Балаларға пайдасы өте көп дейді ұстаздар. Оқушылар да кабинеттің ашылғанына қуанулы екендіктерін жеткізді.
Шұғыла Ермахан, 6 сынып оқушысы: «Интелектум кабинетінде түрлі бағдарламалар арқылы біз ойымызды тереңдете аламыз, шығармашылыққа деген қызғушылығымызды арттыра аламыз. Бұл бағдарлама бізді зеректікке баулиды».
«Ұлы дала ұландары» атты қойылымды сахналаған мектеп оқушыларының қазақ тарихын терең білетіндігі байқалады. Мұндай шаралардың білімгерлердің отансүйгіштік сезімін оятып, еліне деген құрметін арттырары сөзсіз…
Алдағы уақытта мектепте Стеам зертханасы ашылмақ. Екі робототехника кабинеті бар. Оқушылар Алматыда өткен сайыста халықаралық дәрежедегі университеттерге 10 пайыздық жеңілдік алып, жүлдемен оралыпты. Мақтаулы мектептің бұдан өзге де жетістіктері жетерлік.

otyrar.kz

1 649 қаралым