Жарияланды: 23.06.2018

Индустриалдық аймақтар көптеп ашылады

Ақжолтай жаңалықты жеміс теріп, жер емген шуақты өңірдің халқы шаттана қарсы алды, деп хабарлайды 24. кz. Себебі екі шаһарға бөлінетін қаржы да, тартылатын инвестиция да еселене түспек. Шалатай Мырзахметов, қоғам қайраткері: «Оңтүстік өңірдегі азаматтар екі ананы тел емген төл сияқты болады. Себебі қалаға бір бөлек, Түркістан облысына бір бөлек қаржы бөлінеді. Бірақ халықтың саны өзгермеген соң, екіжақты келген инвестиция мен қаржы елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге, жұмыс орындарының ашылуына, жаңа өндірістің ұлғаюына әсер етеді. Сондай-ақ орталықтың Түркістанға көшірілуі – Ұлы жібек жолы бойындағы шаһарда сауда-саттықтың дамуына жол ашады. Өндірісті әртараптандырып, экономикалық дамуды жеделдетуге мүмкіндік туады. Әсіресе индустриалды инновациялық дамуды қарыштауына сеп болмақ». Мархабат Байғұт, жазушы: « Түркістанның базары – қазірдің өзінде ерекше базар. Сол сияқты қаладағы өнеркәсіп орындары да аздап жанданып келе жатыр. Облыс орталығы болғаннан кейін жаңа индустриялық-инновациялық аймақ, жаңа кәсіпкерлік-әкімшілік орталық салынады. Оның жобасы жасалып жатыр, жасалып та қойды. Сондықтан бұл экономикалық жағынан үлкен өндіріс орындары пайда болады. Жекеменшік-мемлекеттік бизнес орталығына айналады». Мәселен, Шымкенттегі «Оңтүстік» деп аталатын индустриалды аймаққа соңғы 10 жылда 3 триллион теңге инвестиция тартылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша іске қосылып жатқан әрбір бесінші кәсіпорын да осы оңтүстікке тиесілі. «Түркістанның төрге шығуы – бүкіл түркі халықтарының бірігуіне жол ашады», – дейді мамандар. Әсіресе, туризм саласы қарыштап дамып, жандана түспек.

1 217 қаралым