Жарияланды: 06.05.2019

Медициналық сақтандыру қоры: Шалғай ауылдың тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетті

 

23 сәуір мен 6 мамыр аралығында еліміздің барлық аймақтарында «Медицина жаныңда!» акциясы өтуде. Осыған орай, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының қолдауымен аудан аумығынан шалғайда орналасқан елдімекендерге дәрігерлер медициналық көмек көрсетті. Акцияның мақсаты – ауылды жерлердегі денсаулық сақтауға қатысты мәселелерді шешу, тұрғындардың өтініштерін қарау әріптестер арасында тәжірибе алмасу, ауылдық жерлерден тәжірибелі дәрігерлер мен фельдшерлерді табу және оларға қолдау көрсету.

Акция барысында ауыл тұрғындарына бүгінгі күні тегін медициналық көмектің қол жетімділігі және 2020 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (СМС) сақтандырылған адамдар үшін не қажет екендігі туралы баяндалады. Әлеуметтік акция аясында медициналық орындары жоқ шалғайдағы елді-мекендерге медициналық және консультациялық көмек көрсету үшін дәрігерлік бригадалардың шығуы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, халық әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу,

ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде қандай көмек қолжетімді болатыны, ауылда медициналық көмек алу үшін қандай мүмкіндіктері бар болатыны туралы ақпарат беріледі. Бүгінгі денсаулық сақтауды дамытудың маңызды бағыттарының бірі алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін күшейту және өңір тұрғындарын жалпы практика дәрігерлеріне қадамдық қолжетімділікпен қамтамасыз ету болып табылады. Осыған орай, Түркістан облысында 1981747 тұрғын тұрады. Жалпы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 710 мекеме болса, оның ішінде 191 дәрігерлік амбулатория, 260 фельдшерлік амбулаториялық пункті және 211 медициналық пункті бар. Облыстағы медицина мекемелерінде 4993 дәрігер жұмыс істейді. 2019 жылы тағы 126 жалпы практика дәрігерінің учаскесін ашу жоспарлануда, бұл бір дәрігердің жүктемесін 1700 адамға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облысқа қарасты Сайрам ауданы, Құтарыс ауылы, Құтарыс ауылдық дәрігерлік амбулаториясында «Медицина жаныңда!» ұйымдастырылды. Іс-шарада «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасының педиатр, хирург, невропатолог, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша дәрігері және стоматолог тұрғындарды жолдамасыз қабылдап, тегін кеңес берді. Ал, медициналық сақтандыру қорының өкілдері халыққа қажетті ақпараттарымен бөлісті. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға жылжымалы флюорография, қан кұрамындағы холестерин және қантты анықтайтын құрал, тонометр, фонендоскоп тексеру құрал-жабдықтары арқылы тексерулер жүргізілді. — Медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге асырыла бастайды. Осы ретте, халық арасында ақпараттандыруға қатысты үздіксіз жұмыстар жүргізілуде. Жүйенің негізгі көздегені халыққа көрсетілетін медициналық көмектің уақтылы, сапалы әрі тиімді көрсетілуін қамтамасыз ету. Айта кетерлігі, жүйеге халықтың ұсыныс-тілектеріне байланысты бірқатар өзгерістермен толықтырылуда. Яғни, жүйеге жарна аударудан босатылған санаттар құрамы қайта жасақталды. Сонымен бұл санатқа балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар, бала туу немесе жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты, баласы үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс алған адамдар, мүгедек бала күтімінде отырғандар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер, сот үкімі бойынша қылмыстық атқару мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырғандар, жұмыс істемейтін оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, мүгедектер, орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер кіреді. Егер азаматтар жеңілдік берілген санатқа жататын болса, онда ол үшін жарнаны мемлекет төлейді – деді, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы бөлім басшысының міндетін атқарушы Лаура Сапарбекова. Жалпы, «Медицина жаныңда!» акциясына облыстың барлық аудан қалаларындағы білікті дәрігерлер үлес қосып, аудан, қала аумағынан шалғайда орналасқан елдімекен тұрғындарына қалтқысыз қызмет етті.

1 213 қаралым