Жарияланды: 29.05.2019

Қазақша уикипедия — ана тіліміздің айнасы

Соңғы уақытта ана тіліміз тек газет-журналдарда ғана емес, әлемдегі ең ірі ғаламтор желісінің сайттарын да бағындыруда, солардың бірі – уикипедия сайты. Уикипедия  — көп тілді, ғаламторға негізделген, тегін және ашық мазмұнды энциклопедиялық жоба. Уикипедия сөзі уики (көп адамдар бірлесіп жасайтын интернет парақшасы) және энциклопедия деген екі сөзден құралған. Уикипедияны бүкіл дүниежүзіндегі ерікті үлес қосушылар бірлесіп жазады.

Тұңғыш рет 2001 жылдың қаңтар айында Джимми Уэйлс пен Ларри Сэнгер іске қосқан «Уикипедия» бүгінгі күні ғаламтордағы ең ірі және ең әйгілі мағлұматнама көзі болып отыр.
Қазақша Уикипедия — Уикипедияның қазақ тіліндегі бөлімі. Ол 2002 жылдың 3-маусымынан бастап жұмыс жасап келеді. Мақалалар саны жағынан түркі тілдес Уикипедиялардың арасынан қазақша Уикипедия түрікше Уикипедиядан кейін екінші орында. Қазіргі уақытта уикипедия бетінде  қазақ тілінде 224 319 мақала жарияланған және 87 497 қатысушысы бар.
Бүгінгі таңда «Уикипедия» жобасы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде сәтті жобалардың біріне айналып отыр. Себебі бұл жоба мектептің тыныс-тіршілігіне мектеп ашылған жылдардан бастап енгізіліп, зияткер оқушылардың ана тіліміздегі мақалалардың саны мен сапасын арттыруға мүмкіндік беруде.
«Уикипедия» жобасын Назарбаев Зияткерлік Мектептеріне енгізудегі негізгі мақсаттар:
1. «Уикипедияшылардың» қауымдастығын құру арқылы энциклопедияның қазақ бөліміндегі мақалалардың саны мен сапасын арттыру;
2. Мектеп оқушыларын энциклопедияның талаптарына сәйкес мақалалар жазуға, өңдеуге, толықтыруға дағдыландыру;
3. Оқушылардың бойында ана тіліне деген патриоттық сезімін арттыру;
«Уикипедия» жобасын Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне жоба ретінде енгізуге үлкен үлес қосқан Таукеева Динара Ғабитқызы жобаның негізін қалаушы Джимми Уэйлстың қатысуымен Лондон қаласында өткен Wikimania-2014 халықаралық конференциясына қатысып, конференциядан алған құнды ақпараттарды еліміздегі зияткер оқушылармен бөлісті. 2013 жылдан бастап Зияткерлік мектебіміздің зияткер оқушылармен «Уикипедия» клубы жұмыс жасап келеді. Мектептің 7,8,9-сынып оқушылары аталған клубтың мүшесі болып табылады, нақтырақ айтсақ, бүгінгі таңда жобаның 400-ге жуық мүшесі және 60 белсенді мүшесі бар. Клубтың бекітілген жылдық жоспары бойынша:
Шеберлік сағаттар;
Кезекті отырыстар;
Уики бәйгелері мен сайыстары;
Трансляциялық семинарлар;
Тәжірибені тарату акциялары өткізіліп отырады.
Жоба мектеп қабырғасына енгізілген жылдардан бастап Зияткер мектебіміздің оқушылары 5000-ға жуық мақала жазып өңдесе, 2018 жылғы бітіруші түлегіміз Аудеков Ғабдулғани 1500-дей қазақша мақала жазып «Алтын қалам», «Қазақстан жұлдызы», «Уикижұлдыз», «ЮНЕСКО марапаттамасы» сынды марапаттарға ие болып, бүгінгі таңда уикипедияның әкімшілері қатарына еніп отыр. 2018-2019 оқу жылының түлегі Ербол Сариев болса «Уикипедия» жобасына мүше болып тіркелген уқыттың алғашқы аптасында-ақ «Белсенді жаңа қатысушы жұлдызы» марапатына ие болып, еткен еңбегінің және төккен терінің нәтижесінде «Алтын қалам» иегері атанды.
2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша, жобаның белсенді мүшелері уикипедия бетінде 400-ге жуық қазақша мақала жазып өңдесе, жыл қорытындысы бойынша мақала жазудан оқ бойы озып, белсенділік танытқан 8 «В» сыныбының оқушысы Әділбай Қасиет «Үздік уикипедияшы» кубогын және мектеп директоры Б.М.Касимовтың марапатына ие болды. Ал 9 «D» сыныбының оқушысы Пашарова Дана ана тілімізде мақала жазу арқылы жобаға қосқан үлесінің нәтижесінде Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өтетін «Туған елге тағзым» жобасына жолдама алды. Зияткер мектебіміздің жоба жетекшілері Қ.Қ.Абылай, А.Ж.Мауленова және К.О.Сарыбаева «Уикипедия» жобасын жалпы білім беретін мектептерге де енгізіп, оқушыларын интернет желісіндегі қазақша мақалалардың саны мен сапасын арттыруға, энциклопедиялық білім қорының көбейіп, тілдің күнделікті қолданыс аясының кеңеюіне өз үлестерін қосуға шақырып, жыл бойы түрлі тәжірибе алмасу семинарлары мен акцияларын жүргізіп келеді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әрбіріміз қазақша уикипедияға ана тіліміздің дамуына үлес қоса аламыз. Құрметті ұстаздар мен оқушылар қауымы, ғаламтор желісінде онлайн энциклопедиямыздың қазақ тілінде дамуына атсалысайық!

А.Ж.Мауленова, К.О.Сарыбаева, А.Қ.Құлтай

2 452 қаралым