Жарыққа кететін шығынды 10 есеге азайтуға болады. Түркістан облысының өнертапқышы Ілияс Мұрат күріштің қауызын ыдырату арқылы энергия көздерін алуға болатынын дәлелдеп, әлемде баламасы жоқ биологиялық батареялар ойлап тапты. Инновациялық жаңалығы көпті таңқалдырып отыр. Егер өндіріске ендіруге толықтай қолдау білдірілісе, онда индустриалды-инноациялық даму бағдарламасы арқылы кәсіпорын ашуға болар еді. Оның айтуынша, бір батареяны орнату — электр энергиясын 49 жыл бойы тегін пайдаланумен пара-пар. Ілияс туралы «Тоқтаманың» бұған дейінгі сандарында жазған едік. Сол кезде жобасын таныстырып қана жүрген жігіт жуырда бірнеше грант ұтып алды. Тіпті, Абай саябағына жарықтандыруды орнатуды бастап кетті. 20 жасар Ілияс Мұрат — М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 4-курс студенті. Ол ойлап тапқан «Биологиялық батареялар» атты қондырғысы кәдуілгі күріштің қауызына таза биологиялық бактерияларды қосуды ғана қажет етеді. Осы кезде ыдырау процессі жүріп, электр энергия-сы алынады. Биологиялық батарея 12 цилиндрден тұрады. Әрбір цилиндрдің ұзындығы 100 мм, диаметрі 50 мм. Бір цилиндрге 50 г күріш қауызы салынады. Бір цилиндрге 50 г күріштің қауызын салып, 70 миллиАмпер ток күші алынса, цилиндрлерді бір біріне параллель жалғау арқылы қуаты 6 вольт светодиодты жанады. Шымкенттегі Абай атындағы саябақтың бір жарықшамын 9 cағат бойына қосып қоюға 4,5 кВт/сағ энергия кетеді. Саябақта 60-қа жуық жарық бағанасы бар. Сонда 1 күнде Абай атындағы саябақты жарықпен қамтамасыз ету үшін 3600 теңге шығындалады. Ал қарапайым күн батареяларының құны – 180 мың теңгені құрайды. Өнертапқыш облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткен байқауда топ жарып, грант иегері атанды. Одан алдын «Zhasproject» байқауына қатысып, 1 млн теңге алған. Бұл қаржыға Абай саябағында 20 бағана мен биологиялық батареялардың қуатына шақталған светодиодты шамдар орнатыпты.
Әлия ӘДІЛБЕК