Жарияланды: 31.07.2019

Вирусты гепатиттен қалай сақтануға болады?

Жыл сайын 28 шілдеде дүниежүзінде Гепатитке қарсы күрес күні атап өтіледі. Осы жолы бұл шара «Ресурстарды гепатитті жоюға жұмсайық!» ұранымен өтеді, әр адамды сырқатпен қалай күресуге болатынын білуге шақырады.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДСҰ) деректері бойынша әлемде 325 млн адам В немесе С вирусты гепатитіне шалдыққан, жыл сайын осы дерттен 1,4 млн адам көз жұмады. Өлім-жітім деңгейі жағынан аталған инфекциялық ауру туберкулезден кейін екінші орында тұр. Ал гепатит жұқтырғандар саны АИВ санынан 9 есеге көп. Гепатиттің алдын алуға және емдеуге болады, ал С гепатиті толық жазылады. Бірақ гепатитпен ауыратын адамдардың 80%-на алдын алу, тексерілу және емдеу шаралары қолжетімсіз. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 2018 жылы осы сырқат бойынша диспансерлік есепте 67 мыңнан астам тіркелген, олардың 5717-сіне диагноз алғаш рет қойылған.

Гепатитпен ауыратын науқастардың басым бөлігі Алматы (8943), Нұр-Сұлтан (8088) қалаларында, Түркістан облысы (6592) мен Шымкентте (6369). Вирустан қорғанудың негізгі алғышарттары: 1. Таза ауыз су ішу 2. Тазалық гигиенасы ережелерін сақтау 3. Санитариялық шараларды арттыру (стерильденген инелер, ұстаралар, және басқа медициналық құралдар) 4. Жыныстық-қарым қатынастан қорғану 5. Иммунитет көтеру. Вакцина жасау керек пе, жоқ па? Вакцина мәселесінде жұртшылықтың пікірі екіге бөлінеді. Екпеге қарсылық білдіріп жүргендер олардың құрамында балаларды аутизм, диабет, склероз, бедеулік сынды ауруларға шалдықтырып, зейін қою қабілетін төмендететін заттар барын алға тартады.

Алайда, БДСҰ мәліметінше, дәл осы иммундау шарасы жыл сайын 2-3 миллион адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік береді. Вакцина организмнің қорғаныс жүйесін белгілі бір аурудан немесе инфекциядан қорғауға жұмылдырады. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпе егу шарасын денсаулыққа салынатын тиімді инвестиция деп таныды. Қазақстанда жаппай екпе егу нәтижесінде соңғы 25 жылда В гепатитімен ауырғандар арасында балалар саны 1234,5 есе, ересектер арасында аурудың таралу көрсеткіші 311,5 есе азайған. Қазір A, B, D және E гепатитіне қарсы вакциналар бар.

Өкінішке орай, олардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. В гепатитіне қарсы салынатын вакцина D гепатитінің алдын алуға көмектеседі. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі

4 641 қаралым