Жарияланды: 23.06.2018

Жеңілдіктің тигізер көмегі көп

Өндірісі өрлеген, экономикасы дамыған Түркістан облысы үшін енді өз алдына дербес бөлініп шыққаннан кейін дамудың дәуірі басталатын анық. Онсыз да өндіріс орындары экономиканы өрлетуге қарышты үлес қосып отырған болатын. Бүгінгі таңда «Оңтүстік» индустриалды аймағында 85 кәсіпорын орналасқан. Олардың 51-і қазіргі уақытта нақты өнім шығарып жатыр. Биыл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны тағы үшеумен толықпақ. Индустриалды аймақтың кәсіпкерлерге ұсынатын жеңілдігі: біріншіден, жер телімі жалға өте арзан бағада берілсе, екіншіден, мемлекет тарапынан қажетті коммуникациялық-инфрақұрылымдық жүйелер кәсіпорын ғимаратына дейін тегін жүргізіледі. Сонымен бірге, коммуналдық төлемдер де анағұрлым төмен. Осындай жеңілдіктердің арқасында кәсібін өрге өрлетіп отырған кәсіпорындардың қатары тағы да арта түспек. Бүгінде мұндағы индустриалдық аймақта тоқыма өнеркәсібі саласында тер төгіп жатқан өндіріс орындары жетерлік. Кілем шығарып, жіп иіретін, картон бұйымдарын, пластик өндіретін, шұлық шығаратын кәсіпорындардың айы оңынан туып тұр. Шикізатқа мол қаражат жұмсайтын зауыттар үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың көмегі көп болып тұр. Өз кезегінде зауыт иелері де жұмыс орындарын ашып тұрғындардың әлеуметтік ахуалын көтеруге көмек қолын созып отыр.

1 279 қаралым