Жарияланды: 23.06.2018

Экспортты еселемек

Түркістан облысында шығарылатын ойыншықтар бүгінде елімізден бөлек шетелдерде де сатылымға түсе бастады. «Наурыз пластик» кәсіпорнының басшысы Рабиға Байтемірованың айтуынша, Қырғызстан, Әзірбайжан және Молдавия елдерінің кәсіпкерлерімен келісімшарт жүргізіліп жатыр. 2011 жылы Қытайдан бір қондырғы әкеліп, ойыншық машина шығарады. Алғашында жүрексінгенмен, жұмыс біртіндеп жандана бастайды. Зауыттарын 2013 жылы толық іске қосты. Бүгінде ойыншықтың 20 шақты түрін шығарып отыр. Олардың қатарында «МАК» маркалы көліктің 4 түрі, шелектегі құрастырмалы ойыншықтың 4 түрі, шахмат пен дойбы да бар. Таяу күндері квадроцикл шығаруды жоспарлап отыр. Мемлекет тарапынан қолдау да көрді. Алғашқы жылдары тұрақты мекені болмағанмен, екі жылдан бері «Оңтүстік» индустриалды аймағында кәсібін дөңгелетіп отыр. Еліміздегі индустриалдыө-инновациялық даму бағдарламасының арқасында бағы жанған кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын басшылығы ең алдымен балаға қандай ойыншық керек екенін зерттеп, оның психологиясына ену қажет екенін айтады. Ол үшін ойыншық сататын дүкенде сатушымен бірге біраз уақыт отыруға тура келеді. «Әр елдің баласының ойы әртүрлі. Біздің қазақстандық-тардың басым бөлігі ауылда тұрады. Оларға майда және тез сынып қалатын ойыншық ұнамайды. Біздің балалар көлемі үлкен ойыншыққа қызығады екен. Зерттеу барысында осыны аңғардық» дейді Шухрат Юлдашев. Бүгінгі таңда зауыт айына 9 мың қорап ойыншық шығарып отыр.

Н.Назарбекова

 

999 қаралым