Түркістан облысындағы қымыз бен шұбаттан құрғақ сүт өнімін өндіретін «Golden camel group LTD» кәсіпорны Индустриалды аймақта салынып жатыр. Инвестициялық жобаның іске қосылуына да за уақыт қалды. Бүгінде нысан құрылысының 75 пайызы аяқталған. Мұндай зауыт ТМД елдерінде баламасы жоқ. Бұл жоба өңіріміз үшін маңызды. Түйе мен биенің сүтінен құрғақ өнім дайындайтын зауыттар облыс үшін өте тиімді. Өйткені өңірде түйе шаруашылығы дамитын болады. Сондай-ақ, жергілікті жұрт жұмыспен қамтылады. Бастысы, отандық шипалы өнімді шетелге экспорттауға мүмкіндік туады. Құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын зауыт болашақта жылына 2500 тонна құрғақ сүт өндіретін болады. Инвестициялық жоба іске қосылғанда 150-ден астам азамат жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта мұнда әзірленген дайын өнімдер республика нарығынан бөлек, Қытай, Сауд Арабия, Гонконг елдеріне экспортталатын болады. Таза табиғи, қоспасы жоқ өнімге сұраныс мол болатыны сөзсіз. Өйткені бүгінде әлемнің әр елінде қоспасы көп өнімдер көбейіп кеткен. Адам денсаулығына кері әсер ететін өнімдерден әбден мезі болғандар да баршылық. Сондықтан да табиғи өнімге деген сұраныс артып отыр.