Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі – Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Шымкент қаласының Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуі кезінде айтты.
– Ең бастысы, білім сапасы жақсармай, қоғам дамымайды. Құқықтық сауаттылыққа көбірек мән беру керек. Бұл ретте Қоғамдық кеңестің рөлі өте зор. Яғни, бірлесе отырып шешетін мәселелер жеткілікті. Біз Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. Қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу тек мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес. Бұл – жалпы қоғамның міндеті, — деді Аида Балаева.
Сондай-ақ Аида Ғалымқызы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының мән-маңызына тоқталды.
– Рухани кемелдену – басты бағдарымыз болуы керек. Бұған тіпті әр мекеме аса зор көңіл бөлуі тиіс. Мен қазіргі қызметке келгеннен бері еліміздің әр аймағында 500-ге жуық азаматты қабылдадым. Атырауда, Солтүстік Қазақстанда тағы басқа өңірлерде болдым. Неше түрлі азаматтар келді қабылдауыма. Әкесімен баласы, шешесімен қызы соттасып жатыр. Бұл ненің белгісі? Ұлттық дәстүрімізді сақтамаудың, тамырымыздан алшақтаудың бір көрінісі. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін халық едік. Сондықтан да, ұлттық құндылықтарымызды барынша насихаттай беруіміз керек. Бұған әрбіріміздің үлес қосумыз маңызды, — деп қорытындылады өз сөзін Аида Балаева.
Сабит тастанбек