Жарияланды: 30.11.2019

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру – қоғам алдындағы жауапкершілік

Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі – Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Шымкент қаласының Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуі кезінде айтты.

– Мен кеше Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдадым. Қабылдауымда 80-нен аса азамат болды. Осы қабылдау барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арыз-шағымын тыңдадым. Олар қала ауруханаларында, сондай-ақ қоғамдық көліктерде жүріп-тұру қиын екенін, ондағы жағдай мүгедектерге бейімделмегенін жеткізді. Мекемелердегі қарапайым дәретханаға шығу мұң екенін айтты. Жалпы қала бойынша мүгедектерге қолайлы жағдай жасалған 100 шақты ғана автобус бар екен. Аялдамалардың мүгедектерге ыңғайсыз екенін де айтты. Мен жауапты мамандарға алдағы 1 ай ішінде кемшіліктерді түзеу үшін тапсырма бердім. Осы мәселені Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі өз бақылауына алып, оң шешілуіне ықпал етуі тиіс, — деді ҚР Президентінің көмекшісі.

Кездесуде ҚР Президентінің көмекшісі Аида Ғалымқызы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау бәрімізге ортақ міндет екенін, олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін баса айтты.

– Қамкөңіл жандарға қолғабыс ету – қашанда абыройлы іс. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Халықтың билікке деген сенімі оның нақты іс-әрекетіне қарай артады. Ел ішін жиі аралап, жағдайларын көзбен көру керек» деген болатын. Жолдауда айтылғандай, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет, – деп сөзін түйіндеді Аида Балаева.

969 қаралым