Еліміздегі мемлекеттік қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берген жағдайда міндетті түрде отставкаға шығуға сұрану керек. Министрлер мен олардың орынбасарларынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудандар әкімдері олардың тікелей бағынышты қызметкерлеріне заң алдында жауапты. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев ақпараттық- коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында осылай деп мәлімдеді.
Спикер жиын барысында «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілген өзгерістер туралы баяндады.
— Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті. Айта кету керек, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшіні осы лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға орнынан кету туралы өтініш жіберіледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті. Тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын барлық өзге басшыларға тәртіптік жауапкершілік қарастырылған, — деді Талғар Серікбаев.
Азамат Жаппар