Жарияланды: 30.11.2019

Оpen space форматында 32 мекеме жұмысын жүзеге асыруда

Бүгін Шымкент қаласында Ақпараттық коммуникациялар орталығында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев және «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев «Ақпараттық коммуникациялар орталығында» брифинг берді. Брифинг барысында Талғар Серікбаев «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілген жаңашылықтарға тоқталды. «Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті», — деді Талғар Серікбаев.Оның айтуынша, бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметкерлер –  министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудандар әкімдері олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда міндетті түрде отставкаға шығуға сұрану керек.Ол қандай тұлғалар тікелей бағыныштылар ретінде қарастырылатындығын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған Заңға сәйкес, басшылардың еңбек ұжымында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуының алдын алу жөніндегі міндеті енгізіледі. Бұл міндетті орындамау немесе тиісінше орындамау басшының тәртіптік жауапкершілігіне әкеп соғады.Брифингте сөз алған Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев Жобалық кеңсемен атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.  Енгізілген жаңалықтардың бірі жобалық кеңсе алаңында, қала әкімімен азаматтарды ай сайын қабылдау болып табылады.»Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен және қала әкімдігімен бірлесіп мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша open space форматында 32 мекеме жұмысын жүзеге асыруда. 100-ден астам мемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары кабинеттерін ғимараттардың бірінші қабаттарына ауыстырып, жыл соңына дейін осы форматқа барлық денсаулық сақтау және білім беру мекемелерін көшіру жоспарлануда. Білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» жобалары жүзеге асырылуда.  Полиция саласында Жобалық кеңсе ішкі істер органдарының ашықтығы мен есептілігі туралы жоспарды жүзеге асыруда. Бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ашық тергеу кабинеттері ашылып, барлық қалалық полиция басқармаларында азаматтар үшін «фронт офистер» жұмыс істеуде. Үкімет тарапынан қолға алынған барлық шаралар Шымкент қаласы әкімінің назарында болады.

«Рейтинг медиа»

831 қаралым