Атаулы әлеуметтік көмек жан бағуға емес жағдайды жақсартуға бағытталған. Беріліп жатқан шартты көмектің салмағы да басым. Қаржыдан шашау шығармай үнемдеп іс бастағанның бірі Смайыловтар отбасы. Бұрын әр жерде жалданып жұмыс істеген Дінмұхамед Смайылов мемлекеттік бағдарламаға дән риза. Отбасының тірегі шартты көмек арқылы өз кәсіпорынының егесі атанды. Алғашқы берілген 300 мың теңгеге жуық ақшаға пластикті кез-келген градуста кесетін құрал мен жұмыс үстелін алған. Енді түрлі диаметрдегі терезені өзі жасай алады. Өніміне сұраныста жоғары. Тапсырыстар алып еңбегінің жемісін көріп отыр. Жас кәсіпкер бұл жетістікпен тоқтап қалмай бизнес аясын кеңейтуді ойлап отыр.Шымкенттегі Еңбекші ауданында жыл басынан бері 17 415 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке өтінім білдірген. Оның 15 мыңға жуығы мұқтаж деп танылған. Осы уақытқа дейін аудандағы 56 876 адамға мемлекеттен 2 млрд 885 млн теңге берілген. Бөлінген қаржы талай жанның бүйірін шығарып, жағдайының жақсаруына ықпал етті. Мемлекеттің қамқорлығы әлеуметтің әлеуетін арттырды. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының да көмегі көп болып тұр. Ауданда аталған бағдарламаның шарапатын көргендер көп. Бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттен қаралған қаржы мақсатты жұмсалып, көмекке зәру жандарға жеткізуге бағытталған. Ал көмекті тиімді пайдаланып өз кәсібін көркейткен Смайыловтар жанұясының тірлігі көпке үлгі.
shymkenttv.kz