Жарияланды: 01.07.2018

Былғары өнімдерінің бәсекелесі жоқ — 4

Бүгінде Түркістан облысында кәсіп қазанын қайнатып, тірлігін жайнатып отырған ірі өндіріс орындары жетерлік. Оларды өндірген өнімдері тек елімізде ғана емес шетелдерге де танымал. Бүгінгі көрме-жәрмеңкеде сол еңбегі еленгендердің мерейі тасыды. Одан бөлек жүздеген азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп салаларында өнім өндіріп жүргендер тауарларын көпшілік назарына ұсынды. Түркістан облысы нан 200 -ден астам өндірушілер қатысты. Бұл тек көрме ғана емес, сондай — ақ түрлі номинация иелері анықталып, лотерея ойындары ойнатылды. Бахыт Айманбетова, «ЭкоBaipak” серіктестігінің өкілі: «Жасап жатқан өнімдеріміз таза табиғи өнім. Киізден етік жасаймыз. Кір сабын сексеуілдің күлінен, сүйек қайнатып, май қосып жасаймыз. Түрлі ауруға ем. Шуаштың иісін кетіруге септессе, қотырды емдеп жазады». Бүгінгі көрмеге «ҚазИталКожа» ЖШС-нің өкілі Азамат та таза былғарыдан жасалған өнімдерін ала келіпті. Арманы – келешекте сапасыз қытай тауарларын нарықтан ысырып, сапалы отандық өнімдерді алға шығару. Сол үшін де бүгінде терін тамшылатып еңбектеніп жүр. Түрлі бұйымдарға қолданатыны тек отандық шикізат. Малдың терісін шағын цехта өздері илеп, өңдеп шығарады. Азамат Досаев, бас менеджер: «Мұндай көрмеге бірінші рет қатысып отырмыз. Таңдау өте үлкен. Сөмке, белбеу, әмиян жасап шығарамыз. Таза теріден тігілген. Отандық шикізатты пайдаланамыз». Аталмыш көрмеге индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде ашылған кәсіпорындар көптеп қатысты. Көрмені өткізудегі басты мақсат — өңір кәсіпорындары халықаралық және экологиялық стандарт талаптарына сай келетін өнімдер шығаруды насихаттау. Іс-шараның барысында «Ордабасы құс» ЖШС-гі мен «Karlskrona LC AB» ЖШС-не өнім және кызмет көрсету саласындағы жетістігі үшін ТМД сыйлығы табысталды. Жеңімпаздар Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысуға жолдама алды.

 

1 074 қаралым