Жарияланды: 08.01.2020

Шымкент: Вице-министр әлеуметтік көмекті тағайындау жұмыстарымен танысты

Шымкент қаласына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында вице-министр Шымкент қаласының əкімі Ерлан Айтахановпен бірге қаладағы әлеуметтік көмекті тағайындау жұмыстарымен танысты.

Айта кетсек, мемлекет тарапынан көп балалы аналардың әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекеттік жәрдемақы тағайындалуда.

Ал атаулы әлеуметтік көмек 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматта төленеді.

Біріншіден, АӘК-ке құжат әр үш ай сайын қабылданады және комиссия шешімімен тағайындалады. Бұл бір жағынан АӘК алушылардың өз табысын жасыру мүмкіндігін шектейді. Екінші жағынан, отбасында бала санының артуы мүмкін. Жұмысты жоғалтуы немесе әлеуметтік мәртебенің өзгеруі сияқты түрлі себептер атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайтуы мүмкін.

Екіншіден, АӘК алуға өтініш білдірген отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан жұмыс ұсынылады. Білімі жоқ, жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жібереді. Бұл кезеңде олар стипендия алады. Сосын оқу бітіргендердің қатарында өз идеясымен 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Ал ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шараларынан бас тартқандар және оның отбасы мүшелеріне АӘК беру тоқтатылады. Сондай-ақ, бала күтімімен айналысатын анаға, бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндеті қойылады.

Үшіншіден, учаскелік комиссиялар жұмысы мен жауапкершілігі күшейтіледі. Өкінішке орай, АӘК алушылар қатарында бірнеше қабатты жеке үйі, бірнеше автокөлігі бар, сондай-ақ, жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылығы бар азаматтардың болғаны жасырын емес. Бұл жағдайлар учаскелік комиссиясынан жауапкершілігінде болады. Мұқтаждықты анықтау тәртібі заң жобасына сәйкес жүргізілмек. Жаңа тәртіпке сай, учаскелік комиссия тексеру жүргізу және қорытынды жасауды бұрынғыдай үш күнде аяқтамайды, жеті күн жүргізеді.

 

772 қаралым