Жарияланды: 17.01.2020

Шымкент: Поэзия мінбері ел игілігіне берілді

Бүгін Шымкент қаласындағы «Жеңіс» саябағында «Мәртебелі поэзия мінберінің» салттанатты ашылу рәсімі өтті.

Поэзиялық мінбер ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың Жеті қыры» бағдарламасы аясында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтахановтың қолдауымен ашылды.
Поэзия мінберінде алдағы уақытта қала тұрғындары арасында мәдениетті насихаттау мен дамытуға бағытталған әдеби кештер, жазушылар және ақындармен кездесулер, шығармашылық іс-шаралар мен философиялық лекциялар өтілетін болады.
Салтанатты жиында қала әкімі Ерлан Қуанышұлы қаламгер жастарға ыстық лебізін жеткізіп, шығармашылық шабыт тіледі.
Ерлан Қуанышұлы, қала әкімі: «Поэзиялық мінбер аурасы ерекше, қала тұрғындарының сүйікті саябақтарының бірі- Жеңіс саябағында ашуды жөн деп ұйғардық. Өлең сүйер қауым, оқырмандар жазушы, ақындармен кездесуге осында жиналады деген үміттеміз. Әр жұма сайын поэзия кешін ұйымдастырамыз. Қыс мезгілінде, әзірге «Отырар» кітапханасында өтеді. Күн жылыған соң, осы мінберде ұйымдастыратын боламыз».
Кеш қонағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының жазушылар Одағының төрағасы Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы да сөз алып, құттықтауын жеткізді.
Айта кетейік, ақын шырайлы шаһардың әдебиет сүйер қауымы мен қаламгерлер құрметіне орай жаңадан ашылған «Поэзия алаңымен» танысып, сағат 11:00-де «Отырар» кітапханасында өтетін ойшылымыз Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Ұлы даланың ұлы тұлғасы — Әл-Фараби» атты танымдық кешінің қонағы болмақ.
Кеш соңы, сағат 14:00-де, дәл осы кітапханада Мәртебелі мейманның «Мәртебелі поэзия» атты жыр кешіне ұласпақ.

1 036 қаралым