Жарияланды: 20.01.2020

Білімді жастар марапатталды

 

Бүгін Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Республикалық пәндер олимпиадасының ІІІ кезеңінде жүлдегер атанған оқушылар марапатталды. Салтанатты шараға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев, жүлдегер оқушылар мен олардың ата-аналары, ұстаздары мен мектеп директорлары қатысты.
2020 жылдың 5-6 қаңтар күндері жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық пәндер олимпиадасының ІІІ кезеңінде Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты жалпы орта мектептерден 42 оқушы, Жетісай «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатынан 33 оқушы қатысып жүлделі орындарды иеленген. Нақтырақ айтар болсақ, жалпы орта мектеп оқушылары арасынан бір І орын, үш ІІ орын, он төрт ІІІ орын, төрт номинация және бір грант иегері атанса, Жетісай «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатынан бір І орын, бес ІІ орын, жеті ІІІ орын, бір номинация мен бір грант иегері атанған.
Облыстық білім байқауында ауданның абыройын асқақтатып, білімдерін мойындата білген оқушылар мен ата-аналарын, ұстаздары мен мектеп директорларын, аудандық білім бөлімінің әдіскерлерін марапаттаған аудан басшысы Жамантай Қанайұлы ұстаздарға алғысын білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.
«Болашақ – білімді, білікті азаматтардың қолында. Ал, ол азаматтар сіздерсіздер. Сіздердің осындай жетістікке жетулеріңізде сапалы білім берген ұстаздарыңыз бен тәлім-тәрбие нәрімен сусындатып отырған ата-аналарыңызға алғыс айтамын.
Бүгінде елімізде білім саласына ерекше қамқорлық жасалып, үлкен көңіл бөлініп отыр. Сондықтан әрбір мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кемел болашаққа нық қадам басуларыңызға тілектеспін. Жеңісті күндеріміз көп болсын» деді аудан әкімі өз құттықтауында.

870 қаралым