Түркітілдес журналистер қоры құрылғалы бері 6 жылдың ішінде түрлі салаға көңіл бөлуге тырысады. Солардың бірі – денсаулық саласы, медицина. Кеше Алматы аймақтық көп салалы клиникада баспасөз мәслихаты мен Ашық есік күнін ұйымдастырылды.
Мақсатымыз: журналистерге рак туралы кеңінен мәлімет беріп, оны Қоғамда тарату және журналистердің өздерін де тегін дәрігерлік тексеруден өткізу. Клиника директоры, Бас дәрігер Олжаев Саяхат Тәуірбекұылының өз ісіне адалдығы, халыққа жанашырлығы сүйсінтті.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндікті халық дұрыс пайдаланбай отырғанын, оның себебі, адамдардың өз тағдырына, денсаулығына жаны ашымайтынын, жауапкершіліктің жоқтығын қынжыла айтқан Бас дәрігер БАҚ өкілдеріне құр деректерді берумен шектелмей, егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысты: «Адамдар «рак» деген сөзден қатты қорқады. Бұл дұрыс емес. Керісінше, дер кезінде дәрігерге қаралып, емді ерте бастаса, рактан құлан-таза емделуге болады. Өкінішке қарай, бізде ауруы әбден асқынған кезде келетіндер көп. ХХІ ғасырдамыз, бірақ әлі күнге дертінің дауасын емші-балгерлерден іздейтіндер баршылық. Бұл өте қауіпті. Мемлекет тарапынан 2008 жылдан бері рактың алдын алу үшін тегін скрининг тапсыру шарасы қолға алынған. Алайда, ракты 4-кезеңге жеткізіп барып, дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер көп. Егер ауру енді басталғанда келсе, мүмкіндік көп болар еді. Мысалы, жатыр мойны қатерлі ісігін 1-кезеңде дәрі-дәрмекпен-ақ 100 пайызға құлан-таза жазуға болады».
Алматы аймақтық көпсалалы клиникада Медициналық көмектің сапасын бағалау бойынша директор орынбасары Шалбаева Раш Шарипқызы әйелдердің жатыр мойны қатерлі ісігін көбінесе екі жағдайда асқындырып алатынына тоқталды: «Жастары ұлғайған апалар жатырдан қан кеткенде балалары мен келіндеріне айтуға ұялып, ауруын жасырып жүреді. Соның салдарынан дер асқынып кетеді. Ал жастар жағы етеккір келмейтін кезде де қан кеткенде алаңдамайды. Дәрігерге бармайды. Егер рак ерте анықталса, емді тез бастап, тез жазылар еді».
Әлбетте, дертті дер кезінде анықтауда онкологтар ғана емес, сондай-ақ, мемлекеттік емханалар мен ауруханалардағы дәрігерлер де сауатты болуы шарт. Осы себепті, Алматы аймақтық көпсалалы клиниканың онкологтарынан арнайы Мониторинг және бағалау тобы құрылып, Алматы облысының оңтүстік бөлігіндегі шалғай аудандар мен ауыл, елдімекендердегі дәрігерлерге онкологилық аурулардың белгілерін тез анықтауға қатысты жұмыстар жүргізіліп келеді. Аталған топ жылына 4 рет сапарға шығып, дәрігерлердің білім-білігін жетілдіруге тырысады. Бас дәрігер Саяхат Тәуірбекұылының айтуынша, орталықтан шалғай жерлерде тұратын азаматтар жылына бірнеше рет өткізілетін Ашық есік күніне келіп, тексеруден өте алмайды. Сондықтан Мониторинг және бағалау тобының құрамына арнайы мамандарды қосып, олар тұрғындарды арнайы медициналық тексеруден өткізеді.
Соңғы жылдары Қазақ қоғамында қызу талқыға түсіп, үлкен дау тудырған мәселелердің бірі – Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина. 2013 жылы Алматы, Астана, Атырау мен Павлодарда 11-12 жастағы қыз балаларға осы вакцинаны сала бастаған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жатыр мойны қатерлі ісігінен қорғанудың тиімді жолдарының бірі. Алайда Қоғамда адамдар тарапынан қатты наразылық туып, вакцинаны салу тоқтатылды.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жатыр мойны қатерлі ісігі әдетте әйелдер арасында 40-60 жас аралығында жиі кездеседі екен. Негізі жатыр обырына шалдығу қаупі 25 жастан кейін ұлғаяды. Ал дертке ұшырағандардың 7 пайызы – 30 жаста.
Дәрігерлер қауымы аты жаман ауру неғұрлым ерте анықталса, одан құлан-таза жазылу мүмкіндігі соғұрлым жоғар екенін айтудан шаршамайды. Бірақ ел арасында құлақ асатындар аз. Көпшілігі дерті әбден асқынып, дауа қонбайтын кезеңде дәрігерлік көмекке жүгінеді. Рактың барлық түрі егер бірінші сатысында, яғни, енді басталып келе жатқанда анықталса, 60 пайызы дәрілермен-ақ емделіп, оңай емделіп шығады екен. Мысалы, былтыр Алматы аймақтық көпсалалы клиникаға жатыр мойны ісігімен тіркелген 110 әйелдің 96-сы аурудың бірінші кезеңінде болған.
«Дәрігерлердің көмегімен анықталғандардың 87,3 пайызы ерте тіркеліп, емделуге кірісті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бірақ біздің басты мақсатымыз – ауруды 100 пайызға ерте анықтау. Жалпы біздің мекемеде 2019 жылы 178 науқас жатыр мойны ісігі бойынша ерте кезеңде ем алса, 46 науқас – 3-кезеңде, ал 14 науқас 4-кезеңде емді бастады. Соңғы он жылда жатыр мойны ісігімен ауыратындардың саны кәдімгідей азайды. Бұл дер кезінде ем қабылдап, анықтаудың нәтижесі. 2018 жылы онкологи бойынша Алматы облысында 8473 науқас тіркелсе, 2019 жылы 8928 адам диспансерлік тіркеуге өтті. Оның ішінде былтыр жатыр мойны ісігі бойынша 867 әйел тіркелді. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 809 болатын «, – деген Саяхат Тәуірбекұлы жыл сайын 20-25 қаңтар аралығында онкологтар тұрғындарды рактың алдын алу үшін тегін тексеруден өткізіп, цитологияға жұғынды алатынын айтты.