Жарияланды: 29.01.2020

Әкім «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» амал табу керектігін айтты

Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округінде өткен аудан әкімінің есеп беру жиынында тұрғындар жер беру кезегінің жылжымай қалғанын айтып қынжылды.

Аудан әкімі Уласбек Садибеков жер беру мәселесі тек қарасулықтардың емес, бүгінгі таңда Сайрам ауданы бойынша өзекті мәселеге айналғанын атап өтті.

– Қазір аудан бойынша тұрғын үй салу үшін жер алуға 17 мыңнан астам азамат өтініш білдірген. Алайда, бұл мақсатта үлестіре салуға жер телімі болмай тұр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін үй салуға таратып берсек, шаруасыз халық қалай күн көреді? Сондықтан, бұл мәселені қазір тереңірек зерделеп, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің назарына ұсынамыз. «Арба сынбайтын, өгіз өлмейтін» амалын табуымыз керек. Ал нақты жауапты содан кейін ғана айта аламын, – деді Ұ.Сәдібеков.

Қазіргі таңда ауданда 1861 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында Қарасу ауылында 300 пәтерлік 5 дана көпқабатты тұрғын үй құрылысының жобасы дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылды, қажетті 2,6 млрд теңге қаржы мәселесі шешілген жағдайда, кезекте тұрған 300 азаматтың тұрғын үй мәселесі шешіледі.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, Nur Otan партиясы Сайрам аудандық филиалының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы, ардагерлер, зиялы қауым және БАҚ өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Қарасулықтар әкім есебін қанағаттанарлық деп бағалап, 2020 жылы қолға алынғалы отырған бастамаларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, жергілікті тұрғындар карьердің көптігінен ауылға келетін ағын судың арнасынан төмендеп кеткенін айтып шағымданды. Ауыл іргесін жарқабаққа айналдырған кәсіпке шектеу қоюды сұрады. Ақбай-Қарасу каналының үстіне салынған үйдің мәселесі заңмен қаралуы мүмкін.

Сайрам аудандық баспасөз қызметі

1 057 қаралым