Жарияланды: 26.02.2020

ШЫМКЕНТ: МӘМС БОЙЫНША ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Үшінші мегаполисте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өңірлік штабтың отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, қалалық әкімдік басқармаларының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында аймақтық штаб мүшелері жыл басынан бері жаңа жүйе бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ, сақтандыру жүйесі аясында туындап жатқан мәселелер бойынша талдау жасап, шешу жолдары туралы ұсыныстарын білдірді.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтың айтуынша, медициналық ұйымдарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне төлемдер қабылдау үшін 38 терминал орнатылған. Соның нәтижесінде қала тұрғындары төлемді медициналық ұйымдардың өзінде жасай алады. Бұл тұрғындар үшін тиімді. Сондай-ақ қаланың шет аймағындағы тұрғындарға медициналық көмекті қолжетімді ету үшін қазір мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жұмыстар қолға алынып жатыр деді басқарма басшысы.

Штаб мүшелері бұған дейін екі күн ішінде қаладағы бірнеше медициналық ұйымды аралып шыққан болатын. Жұмыс тобы медициналық ұйымдардағы анықтамалық қызмет пен тіркеу бөлімі, қабылдау бөлімі, кадр және техникалық дайындық сынды сақтандыру аясында іске асып жатқан жұмыстар барысын көрді.

1 090 қаралым