Жарияланды: 31.03.2020

Үндеуге үлес қосып жатқандар көп

Шымкенттіктер бүгінде тазалыққа бей-жай қарамайтын болған. Бұрынғыдай емес, көшелер мен көпқабатты үй аулаларында тәртіп пен жинақылықтың қалыптасқаны байқалады. Сондай-ақ, жас өскіндердің де  белсенділігі жоғарылаған.  Мәселен, Абай ауданына қарасты Солтүстік-Батыс шағынауданындағы зейнеткерлер қауымы өте белсенді. Көшелердің көк желекке бөленіп тұруы үшін тер төгіп жүргендері көп. Осы шағынауданның тұрғыны Бақтыбай Сейітов Өрісті көшесінің бойына бірыңғай көлеңке сая болатын үйеңкі ағаштарын отырғызған. Жазы аптапты болатын Шымкент үшін көлеңкесі қою мұндай ағаштар керек-ақ. Бақтыбай қарияның ендігі арманы көршілерінің де осы іске жұмыла көмек көрсеткені керек болып тұр. Көшіп келгеніне 5-6 жыл өтсе де көшесіне бір шыбық шаншымағандарға ренжулі. Дегенмен қарияның үндеуіне үлес қосып жатқандар баршылық. Аламан, Үш қиян, Талас, Нығмет Төлендіұлы көшелерінің біраз тұрғындары аулаларын ғана емес, көше бойларын да көк желекке көмілдіріп отыр. Одан бөлек, көше тазалығын да назардан тыс қалдырған емес. «Қоқыстарды тазалауды тазалықшыларға жүктеп қоймай, әр тұрғын өз міндетіне алуы керек» дейді қария.

Бақдәулет Таңбай

833 қаралым