Жарияланды: 31.03.2020

Саябақтар мекені…

Бүгінде Шымкентті жасыл желек жамылған саябақтар мекені деуге толық негіз бар. Дендросаябақ, «Тәуелсіздік», «Жайлаукөл», «Қиял әлемі», «Абай», «Орталық», «Кең баба», «Жеңіс», тағы басқа саябақтар мен «Шәмші гүлзары» қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Күнгейдің аптап ыстығында жасыл желек жамылған саябақтары жанға сая болары сөзсіз. Дендросаябақ бүгінде қалалықтардың жиі ат басын бұратын сүйікті мекеніне айналған. Шыбық шанщысаң шынар болып өсетін күнгейдің қасиетті топырағының арқасында мұнда ағаш атаулының нешеме атасы жайқалып тұр. Мұнда тек көшет егіп оны күтіп баптау ғана емес, аты айтып тұрғандай ғылыми жұмыспен айналысатын арнайы зертхана да жұмыс істейді. Онда ғалымдар күнгейдің топырағын тез жерсінетін ағаш атаулының сан түрін сынақтан өткізеді. Бұл дендросаябақ отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақтау, кешенді түрде зерттеу және тиімді пайдалану жолдарын анықтау мақсатында құрылған. Қайта құрылымдаудан өткен дендросаябақта су жүйелері, саябақ ішіндегі ішкі жолдар, атпен және велосипедпен серуендеу жолдары қалпына келтірілген. Кіреберіс қақпасы қайта жөндеуден өтті. Жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақтар да жөнге келтірілген. Бүгінде мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында дендросаябақ нағыз жұмақ мекенге айналған.

809 қаралым