Жарияланды: 08.04.2020

Ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ

Шымкент қаласында агросаланы дамыту мақсатында шаһарда 8 ірі ауыл шаруашылығына бағытталған жобаларды іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, «Таза өнім» шаруа қожалығы әуежай маңынан 6 гектарға жылыжай салмақ. Бұдан бұрын аталмыш шаруашылық 3 гектар жылыжай жобасын жүзеге асырған. Сонда жылыжайдың жалпы көлемі 9 гектарға ұлғаяды. «Shymkent Agro Holding» ЖШС Абай ауданынан мың басқа арналған ешкі асырайтын ферма ашуды жоспарлап отыр. Ал, «Жұлдыз» шаруа қожалығы сағатына 2,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорынды іске қосады. Тағы бір компания «Дары Сайрама» ЖШС өндірісін кеңейту мақсатында сағатына 3 тонна өнім шығаратын қалбырлау цехын қолға алады. «Шарипов» шаруа қожалығы болса, Мәртөбе ауылынан 5 гектарға жылыжай салуды көздеуде. Және бір «Рассвет» деп аталатын шаруа қожалығы 200 басқа арналған сүт фермасын ашуға ниеттеніп отыр. «Шымкент құс» ЖШС өндірістік қуаттылығы жылына 2 мың тоннаны құрайтын құс етін өндіретін кәсіпорынды іске қосуды жоспарлауда. Соңғы жоба – «Бесқара» ЖШС «Бадам» су қоймасы маңынан 142 гектарға алма бауын екпек. Аталмыш жобалардың барлығы да биыл жүзеге асырылатындар. Жалпы биыл 20-дан астам инвестициялық жобалар іске қосылатын болады. Олардың жалпы құны 13 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды. Сондай-ақ осы жобалардың арқасында 1550 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Аталмыш жобаларды жүзеге асыруға қажетті қаражат «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, «Агрокредиттік несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы тартылса, инвестицияның қалған бөлігі кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен құралды. Қолға алынатын жобалардың барлығы да қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін көрсетсе керек.

 

«Шымкент келбеті»

1 020 қаралым