Шымкентте көшелер мен көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары дезинфекцияланып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар аптасына бір рет ұйымдастырылады. Бұл шараның тазалыққа да септігі мол. Бүгін дәрілеу жұмыстары Абай ауданында жалғасты.
Ю. Гагарин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер түгелдей залалсыздандырылып жатыр. Балалардың ойын алаңшалары да тып-тыныш. Мобильді топ аптасына бір рет аулалардан бастап жертөлелерге дейін дәрілеп отырады.
Залалсыздандыру жұмыстарынан шалғай шағынаудандар да шет қалып жатқан жоқ. Жұмысшылар бүгін «Құрсай» елді-мекеніндегі көшелерді дәрілеуде. Дезинфекциялық шараларға гипохлорит кальций қоспасы пайдаланылады, деп хабарлайды «Отырар.кз». Мамандар залалсыздандыру жұмыстарының тұрғындар үшін қауіпсіз екенін айтады. Айта кетейік, бүгінде жұмысшылар қоғамдық орындар мен саябақтарды, аялдамаларды, аяқжолдарды залалсыздандыруға жұмылдырылып отыр. Химиялық өңдеу шаралары карантин аяқталғанша жалғасады.