Күн сайын қарқынды дамып келе жатқан Шымкенттің қай аумағына барсаңыз да қайнаған құрылыс алаңына тап боласыз. Еліміздегі жағдайға қарамастан құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жұмыстарды кестеге сай белгіленген уақытта бітіру керек. Шымқаладағы алып құрылыстардың бірі халықаралық әуежай аумағында салынып жатқан жаңа жолаушылар терминалы құрылысының екінші кезеңі қарқынды жүргізілуде. Үшінші мегаполистегі терминалдың құрылыс-монтаж жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды. Өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын терминал халықаралық стандарт талаптарына сай. Ақпараттық жүйелер мен багаж жабдықтарын жеткізу бойынша келісімшарт жасалынып қойған. Қалған аса қажетті құрылғыларға да тапсырыс беріліпті. Жақын уақытта әуе кемелеріне арналған перронды кеңейту жоспарланып отыр. Екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Альянс Контракт Құрылыс» серіктестігі жүргізуде. Бүгінде құрылыс алаңы қайнап тұр. Алып жүк көліктері мен таптаушы, тасымалдаушы көліктер құрылыс алаңын шаңға көміп, құрылыстың қайнап жатқанының бір белгісіндей. Құрылыс жұмыстарына 110-ден аса жұмысшы атсалысуда. Бүгінде екінші кезең бойынша жұмыстардың 43 пайызы орындалған. Мамандардың айтуынша жол құрылыс да, инженерлік құрылым мен абаттандыру жұмыстары да бірге аяқталады. Сондай-ақ, терминалдың құрылысы жыл соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жарияланды: 27.04.2020