Жарияланды: 27.04.2020

Ағмановтың арманы…

Шымкент қаласындағы «Ұлағат» шағынауданының тұрғыны Асылхан Ағмановтың көшені көгалдандыруды бастағанына біраз жыл болды. Арманы қала тұрғындарының барлығы да қала тазалығына бір кісідей атсалысса дейді. Қалаға көшіп келісімен көшеге көкөскін өсіруді бастапты. Алдымен өз ауласын көгалдандырып, жасыл желекке айналдырған соң көшеге көк желек егуді бастаған. Көршілерінің есіктерінің алдына дейін ағаш егіп өзі суғарып, баптаған. Әр демалыс сайын тазалық шарасын ұйымдастырып, бірер жылда өзі тұратын көшені жасыл жұмаққа айналдырды. Таңертеңгілік жұмысын көшедегі қоқыстарды жинаумен бастайды. Тіпті көшеге қоқыс тастайтын жәшік те орнатып қойған. Бүгінде көше бойлай егілген талдар көкке бой тіреп, көлеңке болуға жарап қалған. Ал раушан гүлдердің иісі мұрын жарады. Осы уақытқа дейін өзі тұратын көше бойына 300-ден астам ағаш отырғызыпты. Көшені бойлай жүрген жаяу жүргіншілер саялы баққа айналған ағаштарды отырғызған Асылхан Ағмановқа алғыс айтады. Қаланың тазалығына айқайламай — ақ үнсіз ғана үлес қосып жүрген Ағмановтың бұл еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Таза қала» байқауында екінші орынға лайық деп танылды. «Қала тазалығына жауапты мекемелер ғана емес, бүкіл қала тұрғындары болып атсалыссақ. Ол үшін тұрғындардың мәдени сауаттылығын арттыру керек. Ата-аналар балаларына жастайынан қоқыс тастама, айналаңды таза ұста деп үйретсе, ұтарымыз көп» деген тілегі бар.

Қуаныш Дәулетқали

 

846 қаралым