Бүгінде шымкенттік шарулар көктемгі дала жұмыстарын аяқтауға таяу. Жанар-жағармай бағасын төмендетіп жағдай жасап отырған мемлекетімізге шаруалар алғыс айтуда. Солардың бірі «Агросервис «БМБ» шаруа қожалығының төрағасы Манасбай Бекбауов. Ол өзінің алғысын былайша жеткізді: «Үндеуде Президент әрқайсымызды толғандырған сауалға толыққанды жауап берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканың әл-ауқатын көтеру бойынша нақты қадамдар жасалып жатқанын айта келе, бұқараның алмағайып шақта бір алақандай жұмылып, ынтымақта болуы керектігін айтты. Президент тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда Шымкентте көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай құны 174 теңгеден 160 теңге төмендетілді. Барлық агроқұрылымдар дизель отынын уақытылы алып жатыр. Тапшылық жоқ. Бұрын менің шаруашылығымдағы жерлердің бәрі Төлеби ауданына қарайтын. Шымкент қаласының бас жоспары бекітіліп, жер аумағы ұлғайғаннан кейін біз қалаға қарадық. Содан бері шарушалығымызға қажетті мемлекеттен беріліп жатқан көмектер мен тыңайтқыштарды уақытында алып жатырмыз. Болашақта лизингтік несие арқылы ауылшаруашылығы техникаларын жаңалап, комбайн алуды жоспарлап отырмын. Жалпы қала аумағында 62 мың гектардан астам жер бар. Биыл егіс алқабын өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға ұлғайтып, 27,6 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Осындай сын сағатта ел тағдыры, халқымыздың амандығы әрқайсымыздың қолымызда дер едім. Ең бастысы, тәртіп сақтайық, мамандардың кеңесіне құлақ түрейік, сабыр мен төзімді серік етсек, бұл індетті де жеңіп шығамыз».