Жарияланды: 29.04.2020

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуі үлкен қамқорлық деп білемін

Халқымызда бабалардан келе жатқан «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөз бар. Осынау қанатты сөз осындай дүниені кезген індеттің салдары біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатқан шақта айтылса керек. Салмағы ауыр сөз. Ерлерімізді етігімен су кештіруге жазбасын деп тілеген халықпыз. Расында елдің қамын ойлаған Мемлекет басшысы қиын-қыстау шақта шығатын амалды тауып, бүтін бір елді сақтап, қорғап қалу жолында аянып қалған жоқ.

 

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті рет Үндеу жолдады. Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдауы да маңызды. Президент Үндеуінде басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу екенін баса айтты. Әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың табысын сақтау үшін де арнайы шаралар қабылданып жатқанын хабардар етті.

 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты күн сайын оттың ішінде жүрген әскербасы, қолбасы деуге болады. Індеттен келген экономикалық, әлеуметтік жағдайларды тұрақтандыру мен ұстап тұру тұрғысындағы күнделікті әр саланың басы-қасына барып, көзімен көріп, көңілімен тоқып, тиісті және тиімді тапсырмаларды беріп, оған қоса әл-ауқаты, тұрмысы төмен отбасылар мен жұмысы уақытша тұралаған кәсіпкерлерге материалдық және қаржылай қолдау көрсету мәселесін жолға қоюы қазіргі жағдайда халыққа жасалған үлкен қамқорлық деп білемін.

 

Бірлесе білсек, кез келген індетті жоюға қауқарымыз жетеді. Жерлестер, санаулы күнде бұл дертті жеңеміз! Қасиетті айда сабырлық танытып, төтенше жағдайды сақтайық.

 

Жансая Ержанова, жас кәсіпкер

851 қаралым