Төтенше жағдай кезінде қойылған Шымкенттегі блок бекеттер шаруалардың жұмысына кедергі келтірмейді. Себебі осы сала қызметкерлерінің мәліметтері базаға ендірілген. Сонымен қатар азық-түлік жеміс жидек тасымалдаушыларға қалаға кіріп шығуға рұқсат берілген. Ол бас санитардың қаулысында нақтыланған, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы. Құмар Әлиева Төлеби ауданының тұрғыны. Жұмыс орыны Шымкент қаласындағы «МР и К» ЖШС-нің жылыжайы. Карантин кезінде несібеден қағылмай өз жұмысын жалғастыруда. Себебі мемлекет тарапынан шаруалардың бекеттен кедергісіз өтуіне жеңілдіктер қарастырылған. Құмар Әлиева, жұмысшы: «Өзім Төлеби ауданынан келем. Күнде барып келуге кедергі жоқ. Жылыжайдың жұмысы тоқтауға болмайды. Қызанақ, қиярды күнде теріп жатырмыз. Санитарлық талаптарды сақтап жүрміз. Қолды жуып, масканы тастамаймыз». 2008-ші жылдан бері қияр, қызанақ өндіретін бұл жылыжайда 45 адам жұмыспен қамтылған. Барлығы Шымкент пен оған іргелес орналасқан аудан тұрғындары. Бұл жерде жылына 1,5 мың тонна қызанақ пен қияр өндіріледі. Төтенше жағдайға байланысты жұмысшылар қысқартылмаған. Себебі науқан кезінде әрбір жұмыс күші бағалы. Ең бастысы санитарлық талаптарды сақтап отырмыз –дейді серіктестік басшысы.
Марат Көбеев , «МР и К» ЖШС –нің басшысы: «Антисанитарияны өзіміз ұстап отырмыз. Маска тақтырамыз. Азанда жұмысшыларды температурасын тексеріп кіргіземіз. Қазір өнімді шетелге шығарып жатқан жоқпыз. Қазақстан нарқына шығарып жатырмыз».
Жарияланды: 29.04.2020