Жарияланды: 01.05.2020

Еңбекші ауданында биыл 64 аула абаттандырылады

Шымкент қаласына қарасты Еңбекші ауданында күні бүгінге дейін 519 аула абаттандырылған.​ Биыл тағы 64, ​ келер жылы 47 ауланы абаттандыру жоспарда бар. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың Тоғыс тұрғын алабына барған сапарында мәлім болды.​

Қала басшысы ондағы Мұнайбарлаушылар​ көшесіне салынған ойын алаңшасымен танысты. Мердігер компания ғарыштық үлгіде бой көтерген​ балалар алаңшасына құрылғыларды арнайы Ресейден алдырыпты. Маңында үш спорт алаңы да бар. Бүгінде тұрғындар ол жерге видео камера орнатуды ойластырып жатыр.​ Тек пандемияға байланысты елде жарияланған төтенше жағдай қол байлау болып отырған көрінеді.

«Бұрын ойын алаңшасының орнында тозған кәріз жүйесінен аққан​ сасық су көлдеп, Бадам өзеніне ағатын. Кәріз жүйесі мен ауыз сумен үлкен мәселе еді. Қазір жағдай жақсарды. Кәріз жүесі жаңарып, тәулігіне 24 сағат тіршілік нәрі беріледі. Өткен жылы электр жүйесі тартылды. Сондықтан жүйелі жұмыстың арқасында бізде біртіндеп мәселелер шешіліп жатыр. Әкімдікке алғыс айтамыз.​ Мынадай ойын алаңшасы Астанадан басқа еш жерде жоқ сияқты.​ Өздерінде ойын алаңшасы болса да, көршілес Маятас, Елтай, Айнатас елді мекендерінің балалары осында келіп ойнайды»,дейді Мұнайбарлаушылар көшесінің төбе биі Талиба Бурковецкая.

Тұрғындардың айтуынша, бүгінде көшені жарықтандыру мәселесі өзекті. ​ Өз кезегінде Мұрат Әйтенов жарық шамдарын орнатудың оңтайлы жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

733 қаралым