Жарияланды: 08.07.2018

Индустрияландыру: серпінді ілгерілету

Индустрияландырудың жаңа бесжылдығының басты бір мұраты да серпінді ілгерілету болуы қажет. Шетелдік мамандар жүргізген диагностика қорытындылары бойынша ел үкіметі отандық өнеркәсіптің базалық салаларын технологиялық қайта жарақтандыу бойынша шараларды бекітті. Оларды жүзеге асыру барысында «цифрлық технологияларды енгізуге қажетті экожүйе» түзілуге тиіс көрінеді. Қазақстандық тау-кен металлургия саласының жүйеқұраушы компанияларын цифрландыру бойынша 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 14 жоба анықталып отыр. Бұл жобаларға бизнесмендер мен кәсіпорын қожайындары 146 миллиард теңге қаражаттарын салатын болған. Оның үшеуі аяқталып та қалған көрінеді. Мәселен, ERG корпорациясы «ақылды карьер» пилоттық жобасын, «заттар интернеті элементтері бар ERP жүйесін» ендірген. «Қазмырыш» болса, өз кенорындарында персоналды мобильді басқарудың Pitram (SIC) жүйесін енгізіпті. Енді 2018 жылы қалақалыптастырушы компанияларда тағы 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның екеуі тағы да «Қазмырыштың» еншісінде: оның бірі «Жаңа металлургиялық баланс» деп аталады, өндірістік деректердің бірыңғай базасы пайда болады. Түркістан облысында да инвесторлардың көмегімен индустриаландыру бағдарламасы шеңберінде тау кен саласында жаңа жобалар қолға алынбақ. Бұған қоса, жоспарлау мен бюджетті бөлудің RPM жүйесі ендірілмек. Ал «Өскемен титан-магний комбинатында» өндірістік теңгерімді есептеу және қалыптастыру жүйесі қолданысқа берілуге тиіс. 

 

Б. Көмекбайұлы

1 121 қаралым