Жарияланды: 03.07.2020

Ұлттық Домбыра күні

Елбасының Жарлығымен елімізде шілденің бірінші жексенбісі Қазақ халқының киелі де қасиетті музыкалық аспабы Ұлттық домбыра күні деп белгіленді. Бұндай тағылымы терең, мазмұнды мерекенің өтілуі — Ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерері анық.
Домбыра – ол қазақтың жаны, қазақтың көзі, терең тамырлы тұңғиығы, сан ғасырлық серігі болғаны тарихтан белгілі. Сондай-ақ, күй күмбезін көкке өрлеткен көненің көзі, тәңірдің құдіреті саналған. Домбыраның әуенімен қазақтың талай күйшілері, ақын-жыраулары мен сал-серілері музыка әлемінде жыр төгілтіп, күй шерткен. Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізіміне енгені белгілі.
Табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін, адамның сырын шанағынан төгілткен домбыра енді жыл сайын ұлықталатын болды.
Домбыра туралы не білеміз? Алдымен оның тарихына үңіліп көрейікші.
Домбыра б.д.д 5 мың жыл бұрын пайда болған.
Табиғаттың сыбырын, тұлпардың дүбірін, тіпті халықтың қилы тағдырын да айнытпай шанағынан төгілткен қасиетті аспаптың тарихы тереңде жатыр.
Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін осынау аспап бір сәт тыңдаушысының жүрегіне қуаныш ұялатып, дархан даланы еске салса, енді бір сәтте көзіңе жас үйіртіп, көкірегіңе мұң ұялататын әуен шығара алады. Әр қазақстандық қазақ домбырасының төңірегіндегі аңыз-әңгімелерді естімеуі мүмкін емес. Соның бірі:
«Ертеде, қылышынан қан тамған қаһарлы бір ханның жалғыз қызы бойжеткенде бір кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей, бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын мыстан кемпірге тапсырады. Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады.
Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жер, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап, діңкесі қатқан қыз әбден қурап, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тың тыңдаса «ән салып тұрған» қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді.
Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл – қыздың екі баласынан қалған жұрнақ еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал, шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз енді ағаш неге ән салатынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үні жүрегіне жақын, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым – Мұңлық» деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «қызым – Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен…».

Ғасырлар бойы қазағымыздың серігі болып, қиындықта сүйеу, қуанышта көңілінің қанаты болған, сонау көне тарихтың күмбірін бүгінгі күнге жеткізген киелі де қасиетті Домбырамызға арнайы күн белгіленіп, оның мадақталуы үлкен қуаныш. Осындай мазмұнға толы мақсатты мереке келешек жастарға ұлттық тәрбие беретін өнеге бастауы, әрі рухани қазынасы болары шындық. Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі бағытындағы мәдениет қызметкерлерін қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір көрінісі де осы болса керек.

Маржан Байжанова

2 719 қаралым