Шымкент қаласы Абай ауданына биылғы жылы әлеуметтік- экономикалық жағдайын дамыту мақсатында 3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Аталмыш қаржыға ауданда 107 аула абаттандырылып, қоқыс жәшіктері жаңартылуда. Бұл туралы аудан әкімі Бұхарбай Парманов ақпараттық коммуникация орталығында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы.
Ауданда карантинге жабылған 680-ге жуық індет ошақтарынан бөлек шағын аудандар мен тұрғын алаптардың көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларында қарқынды түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы қоқыс контейнерлері күніне 2 рет, жеке тұрғын үйлер аптасына 1 рет тазаланып, алынып отырады. Аудан аумағында орналасқан 1850 кәсіпкерлік нысан иелеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұмыстар жалғасуда.
Бұхарбай Парманов, Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі: «Жалпы аудан аумағында базарларда, ірі сауда үйлерінде және түрлі қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандарда карантин талаптарын сақтау, бас дәрігердің қаулысының талаптарын бұзбау жөнінде күнделікті ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқандығын мәлімдеймін».