Жарияланды: 04.08.2020

ШЫМКЕНТ: ҚАРАТАУ АУДАНЫН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов мәлімдеді. Айтуынша, аудан аумағында 47 202 жеке тұрғын үй бар. Оның 37 511-і тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылып, 5 211-і кесте бойынша, ал 4 431 тұрғын үй тасымал ауыз сумен қамтылуда.

– Көмешбұлақ су жинақтауышысынан (магистралка) Тұран шағынауданы айналма жолына дейінгі диаметрі 920х10 мм, ұзындығы 4,48 шақырымды құрайтын 2 ниткалы суаққы құрылысы осы жылдың мамыр айында басталды. Ол 2021 жылы аяқталады. Ал Тұран айналма жолынан (магистралка) Тұран шағынауданы Солтүстік-Шығыс №1 зонаға дейінгі ұзындығы 6,88 шақырымды құрайтын екі ниткалы суаққы құрылысының жұмысы осы жылы бітеді. Жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Тассай тұрғын алабы, Тұран шағынауданы және Достық тұрғын алабының жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады, – деді А.Әліқұлов.

Айта кету керек, Азат шағынауданы ауыз су жүйелерінің құрылысына биыл бюджеттен 194,2 млн теңге қаржы қаралып, осы жылдың мамыр айында құрылыс жұмыстары басталған. Кесте бойынша жұмыстардың аяқталу мерзімі – келер жылдың қараша айы. Сондай-ақ, Асар-2 шағынауданы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 156,1 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйелердің құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталады. Ал Достық шағынауданын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 34,2 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйелерінің құрылысы мен Өтеміс тұрғын алабы су құбыры желісін ағымдағы жөндеу жұмыстары (сорғы стансасы) осы жылдың соңында аяқталады деп күтілуде.

Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы

630 қаралым